Рухани жаңғыру

«Туған жерге тағзым» Көптоғайлық жастардың үлгісі

Өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлының бастамасы арқылы бастау алған «Туған жерге тағзым» акциясы біздің ауданда белсенді жүзеге асып келеді. Туған жерден түлеп ұшып, жан-жақта әртүрлі қызметте жүрген жерлестеріміз туған жердің көркеюіне өз үлестерін қосуда. Оның нақты бір көрінісі — 1993 жылы туылған азаматтардың туған жерлеріне тартуы. Тарқатып айтсақ, Көптоғай ауылдық округіне кіре берістегі «Қош келдіңіз! стелласы. Оған күндіз күннен қуат алатын құрылғы орнатылған. Кешкілік электр қуатынсыз жанып тұра береді. Келесі бетінде «Сәт сапар!» — деп жазылған. Бұл «Туған жерге тағзым» акциясы аясындағы Көптоғайда жасалынып жатқан игі істердің бір тармағы ғана. Одан бөлек, 1981 жылы туылғандар «Туған өлкем», яғни «Көптоғай» атауы жазылған тақтаны қойды. 1983 жылы туылғандар ауыл ішіндегі саябаққа жылжымалы тақта орнатып берді. Округ әкімі Ерлан Асылбаевтың айтуынша, ауылда әлі де ниет білдіріп отырған азаматтар көп екен. Олардың ішінде ауылдың гүлденуіне жекелей демеушілік көрсетіп жүрген шаруа қожалықтары да бар. Елім деп еміреніп, елге қарай бүйрегі тартып тұратын көптоғайлық азаматтардың ісіне ауылдастары дән риза. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» — деген тілектен аспай ауылдың ажарлануына жұмыла қолдау көрсетіп жүрген көптоғайлықтардың ісі көпке үлгі.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар