Қазақстан халқы Ассамблеясының мақсаты — ел бірлігін нығайту

Қазақстан халқы Ассамблеясы — қоғамдағы тұрақтылықты, бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған құрылым. Қазақстан халқы Ассамблеясының басты міндеті — мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыру, еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру.
Бүгінде өңірде Ассамблея құрамы тұрақты, 17 этномәдени бірлестік тіркелген. Олардың барлығы қоғамдық аккредиттеуден өткен. Бірлестіктер жанында 19 шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Оның 14-і — «халықтық», ал қалғаны — «үлгілі» мәртебесі бар ұжымдар. Қоғамда ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша этномәдени орталықтармен мақсатты жұмыстар жүргізіледі. Этномәдени бірлестіктер модельді жоспарларына сәйкес этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясат Қазақстан халқы Ассамблеясын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы, Мемлекет басшысының Жолдауы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында берілген тапсырмалар, сондай-ақ Ұлттық құрылтайдағы бастамалар негізінде жүзеге асырылып жатыр.
Сондай-ақ, қазір дәстүрлер мен мәдениетті, интеграцияны, мәдениетаралық байланысты сақтауда Ассамблеяның қоғамдық құрылымдарының жұмысы үлкен рөл атқарады. Олар — аналар, ақсақалдар, этномедиация, ғылыми-сарапшылық кеңестері, журналистер клубы, «Жомарт Жан» орталығы мен Ассамблея жастары. Аталған құрылымдар 13 арнайы жоба аясында жұмыс жасайды. Сонымен қатар, өңірде жас ғалымдар клубы мен шығармашылық ұжымдар қауымдастығы да құрылды. Осы орайда Студенттер Ассамблеясын құру жұмыстары қолға алынды. Бүгінде әрбір құрылым өз қызмет бағыттары бойынша белсенді жұмыс жүргізеді. Ассамблеяның біріктіруші әлеуеті осындай бірлестіктер мен құрылымдар арқылы жүзеге асырылып жатыр.
«Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Дариға Исмағамбетова