Экономика

ИНТЕРНАЦИОНАЛ ЖАУЫНГЕРДІҢ ЕСТЕЛІГІ -ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕНІҢ ТӘСІЛІ

«Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылған күніне орай Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу ұйымдастырылды. Бұл шараның басты мақсаты – ардагерлердің ерлігін ұлықтау, олардың әскери жолын жастарға үлгі ету және патриоттық рухты насихаттау болды.

Кездесуге Ауған соғысының ардагерлері Болат Сағатов, Сырым Мүсіров, Ермек Сұлтанов, сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев және қоғам белсенділері мен оқушылар қатысты.
Шара барысында ардагерлер өздерінің әскери өмірі, соғыс жылдарындағы қиындықтар мен достық туралы естеліктерімен бөлісті.
Жасы мүшелден асқан жас балалар Ауған жеріне баратыны хабарланғаннан бойларын билеген қорқыныш пен қобалжудың естен кетпес сәттерімен бөлісті.
Алғаш жат жерде интернационалдық борышын өтеген сарбаздар жиналған жастарға бейбітшіліктің бағасын түсініп, Отан алдындағы жауапкершілікті әрдайым сезіну қажеттігін жеткізді.
Сонымен қатар, кездесуде Ауған соғысының тарихы мен оның жауынгерлерге қалдырған ізі туралы айтылды.
Өз естеліктерінде қалай алғаш Ауған жеріне келгендерін, басқа сарбаздармен қарым-қатынастарын, алғашқы әскери тапсырмасы жайында сөз қозғады.
Осылайша, жас ұрпақ үшін бұл кеш ерекше тағылымды, әрі тәрбиелік мәні зор шараға айналды.
Іс-шара барысында патриоттық әндер шырқалып, қонақтарға құрмет көрсетілді. Кездесу соңында ардагерлерге естелік сыйлықтар табысталып, олардың қоғамдағы рөлі мен еңбегі ерекше атап өтілді.
Ұйымдастырушылар мұндай кездесулердің жастарға отансүйгіштік сезімін дарытудағы маңызын айтып, алдағы уақытта да осындай шаралар жалғасатынын жеткізді.
Бұл жиын – ерлік пен батырлықты ұлықтаудың жарқын көрінісі. Ардагерлердің өнегелі өмір жолы өскелең ұрпақ үшін үлкен сабақ болып қала бермек.

Related Articles

Back to top button