Басты тақырыпБілім

Толқын-толқын түлектерді табыстырған күн

Өткен жұмада еліміздің барлық мектептерінде биылғы оқу жылының соңғы қоңырауы сыңғырлады. Ә.Дербісалин атындағы Саралжын орта мектебі «Соңғы қоңырау-2018» атты салтанатты мерекесінде 15 түлекті алтын ұясынан ұшырды. Ұстаздар мен ата-аналар болған соңғы қоңырауға аудан әкімінің орынбасары Асқар Қазыбаев, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының өкілі Гүлназ Сисенова және округ әкімі Абат Мүбараковтар қатысты. Мектеп директоры Кенжебай Қазмағамбетов биылғы оқу жылын қорытындылап үздік шәкірттерге, үздік ұстаздарға марапаттар табыстады.

Аудан әкімінің орынбасары Асқар Қайырғалиұлы мен округ әкімі Абат Қаратауұлы түлектерді құттықтау сөздерінде мектептің жетістіктерін, материалдық-техникалық базасын әлде де жетілдіру жұмыстары, оқушылардың жазғы демалыстарын тиімді ұйымдастыру, жалпы аудандағы білім саласында атқарылған оң істерді айтып өтті. Мерекелік қоштасу сәтінде мектеп оқушыларына Астана, Түркістан және Ақтау қалаларына жолдама берілді.

Ал облыстан арнайы қатынасқан Гүлназ Сисенова облыс бойынша білім ордаларының жайын айтты. «Құрметті түлектер! Жылдағы дәстүрмен іргелі білім ордаларының бірінде Ақтөбе жастарының тағы бір жаңа толқыны ер жетіп, есейген сәттеріне куә болып отырмыз. Өткен жылы облыста 15 жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда 26 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Алдағы 1-2 жылдықта облыста апатты мектептер мен үш ауысымды оқу мәселелері толық шешіледі. Өздерің сияқты биыл оқу жылын облыс бойынша 6669 оқушы бітіреді. Олардың 522-сі «Алтын белгіге» үміткер. Құрметті ата-аналар! Балаларыңыз үмітті ақтасын. Ал түлектердің ұстаздары берген білімдеріңізді ұлттық бірыңғай тестіде дәлелдеп, жақсы көрсеткішке жетулеріңізге тілектеспін» — деді.

Қара шаңырақтағы соңғы қоңыраудың ерекшеліктері көп болды. Бұрын-соңды мектеп тарихында болмаған мектеп бітіргендеріне 50 жыл толған түлектері келді. 1968 жылы алтын ұядан ұшып кеткен жастар, қатары сиреген, ата-әже болғандар да киелі ордаға қайта оралды. Құр қол келген жоқ. Ыстық лебіздерін, жастарға айтар өмірлік тәжірибелерін, туған жердің қадірі мен қасиетін айта келді. Бүгінгі күннің жастарға істеліп жатқан мүмкіншіліктері, мектептің жағдайы, спорт алаңдары тағы да басқа өзгерістер бұрын біз арманымызда болмаған дүниелер деді. Сондықтан жастарды білім алуға, тәртіпті болуға, мынадай  жағдайда оқудың өзі бақыт екенін түсіндірді. Мектептің ең үлкен түлектері Саралжын жастарының спортқа бейім екенін айта келіп, спорттық құралын сыйға тартты.

Ал 20 жыл бұрын алтын ұямен қоштасқан  түлектер мектепке музыкалық аппаратын ала келіпті. Одан бөлек ұстаздарға алғысын жаудырып, естелік сыйлықтар мен марапаттарын берді. Сабақ берген апайларын разы қылды.

Жылдар өтсе де, білім алған шаңырағына сыйлықтарын, ақ тілектері мен алғыстарын арқалап келген мектеп бітіргендеріне 50 және 20 жыл толған түлектерге ауыл тұрғындары риза болды.

С.ЖҰБАНҒАЗИН.

Басқа жаңалықтар