ОЙЫЛДА ЖОЛДЫБАЙДЫ ЕСКЕ АЛДЫ
Ойылда Жолдыбайды есін білген баладан еңкейген қартқа дейін бәрі біледі. «Ойылым менің – ойдағы елім» шырқалса қосыла кетеді.

Жуырда қазақ өнеріне еңбегі сіңген жерлесіміз, белгілі сазгер Жолдыбай Айтқұловты еске алуға арналған «Барқыннан ескен сазды әуен» атты мәдени шараны аудандық мәдениет үйі ұйымдастырды. Кеште сазгердің әндері шырқалып, оның қазақ музыка өнеріндегі орны айқындалды.
Іс-шараға аудан әкімі Асқар Қазыбаев, сазгердің ұлы мен қызы, жергілікті өнерпаздар және аудан тұрғындары қатысты. Сондай-ақ, кештің құрметті қонақтары қатарында белгілі өнер иелері – Нұрлыбек Қалауов, Төлеген Ермеков, Жаңылдық Бисенғалиева, Арман Төлесінов, «Жаңа KZ» триосы, Теңел Омаров, «Наурыз» тобы және басқа да әншілер болды.
Кештің шымылдығы Теңел Омаровтың орындауындағы «Жұбановқа арнау» әнімен ашылды. Одан кейін Төлеген Ермеков «Тойбастар» әнін шырқап, көрермендерді әсем әуенімен баурап алды.
Арман Төлесінов «Сағынған көздің моншағы» және «Алтай бабам ардағым» әндерімен көпшілікті тебірентсе, Жаңылдық Бисенғалиева «Ойылым ерке өзенім» және «Асыл арман» әндерін орындап, ерекше ықыласқа бөленді. Қайсар Махметов «Елек жағасында» әнін шырқап, туған жерге деген сағынышын жеткізді.
«Наурыз» тобының сүйемелдеуімен Лаззат Медетова мен Гүлмира Жұбатова «Ақтөбе вальсі» әнін дуэтте орындаса, Лаззат Медетова жеке орындауда «Сәбиім сүйкімдім» әнімен сахнаға шықты. Кеш барысында «Жаңа KZ» триосы «Тыңдашы мені» әнін орындап, Төлеген Ермеков «Қиылда менің қимасым» әнімен көрермен жүрегінен орын алды.
Кеш соңында барлық қатысушылар Жолдыбай Айтқұловтың «Ойылым менің» әнін бірге шырқап, сазгерге тағзым етті.
Бұл кеш сазгердің қазақ өнеріне қосқан өлшеусіз үлесін дәріптеп қана қоймай, көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады.
Жиналған жұртшылық сазгердің музыкасына тағы бір мәрте сүйсініп, оның есімі халық жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.