Рухани жаңғыру
«Мәдени мұра — ел қазынасы» тарихи тағылымдамалық сағаты өтті
Өткен сейсенбі Ш.Берсиев атындағы өнер және өлке тарихы музейінде "Нұр Отан" партиясы Ойыл аудандық филиалының ұйымдастыруымен "Тарлан тарих тағылымы" бағдарламасы аясында "Мәдени мұра ел қазынасы" атты тарихи тағылымдамалық сағат өтті. Аталмыш шараға негізінен музей жанындағы өлкетану клубының мүшелері, партия белсенділері, тарихшылар, жазғы демалыста жүрген студент жастар тартылды.
Тағылымдамалық сағатты осы музейдің тарихшы қызметкері, «Жас Отан» ЖҚ-ның атқарушы хатшысы Медет Құлмұханов жүргізіп отырды. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында атап көрсетілген халықтың санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын қалыптастыру үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жасау бастамасы осы шараның өзегі етіп алынды. Тағылымдамалық сағат төрт бөлімнен тұрды: 1- бөлім: «Тарихтың құм басқан құпиясы: көне Ойыл тарихы»; 2- бөлім: «Тарихи тұлғалар»; 3- бөлім: «Мәдени мұра — баспа беттерінде» — виртуалды көрме; 4- бөлім: «Көкжардың көне жәдігерлері» — музей залдарына экскурссия. Шара барысында Ойылдың көне тарихы жөнінде осы саланы жаңадан зерттеп бастаған тарихшы маман Медет Құлмұханов арнайы жасалған слайд арқылы кең көлемде түсінік беріп өтсе, Ойыл өңірінен шыққан тарихи тұлғалар — халық ақыны, жырау Шернияз Жарылғасұлы, әнші, сазгер Қызыл Тұрдалыұлы, ғалым — эпидемиолог, медицина ғылымының докторы, Қазақстан Ғылым академиясының, КСРО Медицина ғылымдары академиясының корреспондент мүшесі, КСРО Медицина ғылымдары академиясының академигі, Қазақстанның және Қарақалпақ АКСР — нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, медицина ғылымы саласында қазақтан шыққан тұңғыш профессор Ишанбай Қарақұловтар жөнінде өлкетану клубының мүшелері Тыныштыбай Шалабаев, Амангелді Жұманов, Серікбай Қойбағаров сынды жергілікті өлкетанушылар тыңдармандарға тың деректер келтіре отырып жеткізіп берді. Ойыл аудандық орталықтандырылған кітапхана қызметкерлері «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында баспадан жарық көрген туындылардың виртуалдық көрмесіне шолу жасаса, музейдің экскурссия жетекшісі Дулат Исабаев музей қорындағы көне экспонаттар көрмесімен таныстырды.