Спорт

ШАҒЫН ОТБАСЫ — ҮЛКЕН МЕМЛЕКЕТТІҢ БӨЛШЕГІ

Ойыл өңірінде тағы бір ізгі шараның ізі қалды. Жанұя – қоғамның алтын тірегі, ал берекелі отбасы – елдің берекесі. Ойыл аудандық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Біз – бақытты отбасы!» атты көңілді мәре сайысы осы бір ақиқатты тағы бір мәрте дәлелдегендей болды.

«Бақ қайда барасың – бірлікке барам» демекші, бұл сайыстың басты мақсаты – жас отбасылардың арасындағы ынтымақ пен түсіністікті арттыру, салауатты өмір салтын дәріптеу және жастардың бойына отбасылық құндылықтарды сіңіру еді. Жылдық жоспар аясында ұйымдастырылған бұл игі бастама отбасылық тәрбиенің, спорттың және сергек өмір салтының тамаша үндесуін көрсетті.
Сайыс бес кезеңнен тұрды. Әр кезеңде жарысқа түскен 5 жас отбасы ширақ қимылдап, ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті. Эстафеталық ойындарда әрбір жұп тек дене шымырлығын емес, бір-біріне деген сенім мен қолдаудың қандай маңызды екенін айқын байқатты. Қатысушылардың көтеріңкі көңіл-күйі, ойын барысындағы шынайы қолдау мен шапалақтар – жарыстың ерекше рухта өткенін айғақтады.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халқымыз. Сол секілді, жарыс нәтижесінде өз өнерлерімен көпшіліктің көңілінен шыққан Ешімовтер отбасы жүлделі І орынды иеленіп, өзгелерге үлгі бола білді. ІІ орын Асанғалиевтер отбасына, ІІІ орын Жасұлановтар отбасына бұйырды.
Сонымен қатар, Жалғасовтар мен Сәрсенғалиевтер отбасы да арнайы алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Шара соңында сөз алған әділқазылар қатысушыларға алғыс білдіріп, «Отан – отбасынан басталады» деген ұлағатты сөзді еске салып, әр отбасының жарасымдылығы – елдің көркеюінің негізі екенін атап өтті.
Осылайша, шырайлы шара отбасылар арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайтып қана қоймай, көпке үлгі боларлық өнегелі іс ретінде есте қалды. Жарыс жеңімпаздары бағалы сыйлықтарға ие болып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
«Береке қайда барса, ырыс сонда» – Ойыл жастарының бастамасынан осыны айқын байқадық.

Related Articles

Back to top button