ӘкімдікБасты тақырып

АЙБОЛАТТЫҢ БАСТАМАСЫН БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ЕТСЕК, ҚӘНЕ!

Жаңа өнім – адал ниеттің айғағы. Бұл сөз Айболат Жамашевқа дәл келеді. Ойыл өңірінің қарапайым тұрғыны, көпбалалы әке, ел игілігі үшін еңбектенуге бекінген азаматтың бүгінгі тірлігі көпке үлгі.

«Ер – елінің көркі, ел – ерінің тірегі» — дейді дана халқымыз. Айболаттың ойға алған ісі де сол елге қызмет ету жолындағы шынайы талпыныстан туған. 2024 жылы ол мемлекеттік қайтарымсыз грант байқауына қатысып, қамыстан жасалатын экологиялық жылу блоктарын өндіру жобасын сәтті қорғап шықты.
Табиғаттың өзінен алынған, қолжетімді әрі үнемді шикізатты кәдеге жарату – болашақты ойлағанның белгісі. Қамыс – халқымыздың ежелден келе жатқан құрылыс материалы. Қысқа шыдамды, жазға жайлы.
Осыны білген Айболат ауылдағы үй құрылысына жаңа серпін әкелуді көздеді. Айболат үш жыл бойы тәжірибеден өткізіп, әбден зерттеген «Отқа салсаң жанбайтын, суға салсаң батпайтын» блоктарын алдымен өзі ауласында салып жатқан сарайының қабырғасына қалап, көпшілікке ұсынғысы келеді.
Жобаға 1 476 800 теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді. Бұл – үкіметтің кәсіпке ниеттенген әр азаматқа сенім білдіргені. «Жақсы істің бастауы – ниетте, жалғасы – әрекетте» — дейді атамыз. Қазіргі таңда жоба іске асыру кезеңінде. Қамысты кесіп, өңдеп, қалыпқа келтіру – оңай шаруа емес. Бірақ Айболаттың ниеті берік, сенімі кәміл. Ол бұл іске отбасының ризық-несібесі ретінде емес, Ойыл жұртшылығының қажетіне жарайтын іс деп қарайды.
Осындай азаматтардың арқасында ауыл тіршілігі жанданып, кәсіпкерлік өріс алмақ. Айболаттай іскерлер көбейсе, ауылдан кету емес, ауылда қалу – мақтанышқа айналмақ. «Атқарған ісің – жұртқа өнеге, айтқан сөзің – ұрпаққа өсиет болсын» деген тілекпен, елге тілекші болар азаматтың ісіне сәттілік тілейміз!
Әділет ШАБАЙ,
Ойыл селосы.

Related Articles

Back to top button