ӘлеуметБасты тақырып
Іргелі ауыл ірі істерді күтеді
Өткен аптаның бейсенбісінде аудан әкімі Дастан Сағыров пен аудан прокуроры Әділбек Балғазин, аудандықсот төрайымы Сәуле Танимова және бірқатар мекеме басшылары Саралжын ауылдық округіне қарасты елді-мекендерді аралап, тұрғындармен кездесті.
Халықтың мұң-мұқтаждықтарына құлақ тосқан жергілікті билік өкілдерінің арнайы іс-сапары Тайсойған елді-мекенінен басталды. Онда жаңа мектептің құрылысы мен газ құбырын тарту жұмыстары бойынша мәселе қозғалды. Яғни, тайсойғандықтар айтылған жұмыстардың жедел жасалуын және мұқият қадағалануын сұрады. Өз кезегінде аудан әкімі Дастан Жарылқасынұлы ел игілігі үшін жасалынып жатқан жұмыстар көп қаржыны қажет ететінін және аяқсыз қалмайтындығын, облыс басшысының да басты назарында тұрғандығын түсіндіріп өтті. Сонымен бірге ауыл ішінде бораған еспе құмды тоқтату үшін ауылдың сыртына тал көшеттерін отырғызуға, оны жергілікті тұрғындардың күшімен бірлесіп жұмыла атқаруға шақырды. Ал, Ақкемерде өткен жиында өзені іргесінде аққан ауыл тұрғындарын бау-бақшамен айналысып, құс бағу керектігін баса айтты. Айта кетсек, аталған қос ауылдың проблемасы бір. Ұялы байланыстың жоқтығы. Сондықтан да қос ауылдың қозғаған мәселесі осы. Алайда бұл мәселенің шешімі алдағы күндердің еншісінде қалды. Жақын арада жалпыға ортақ жалғыз мектептерде орналасқан интернеттің жылдамдығын арттыратын қосымша құрылғы орнатылатындығын жеткізген аудан әкімі Дастан Жарылқасынұлы аталған елді мекендердің тұрғындарына қажетті анықтамалар алу үшін аудан орталығына сабылдырмай жергілікті жерден электронды түрде мемлекеттік қызмет көрсетуге ауылдық округ әкімшілігіне тапсырма берді. Одан кейін округ орталығында тұрғындармен кездескен арнайы топ мұнда да ауылдың тыныс тіршілігіне байланысты әңгіме өрбітті. Саралжындықтардың көптен күткен клуб мәдени орталығы бітуге жақын. Оны аудан әкімі Дастан Жарылқасынұлы әлеуметтік нысандарды аралау кезінде өз көзімен қарап шықты. Келесі ретте жиын үстінде сөз алған аудандық соттың төрайымы Сәуле Танимова «Медиация деген екі тараптың бітімгершілікке келіп, татуласу рәсімі деп танылады. Бұзақылық пен тәртіп бұзушылық кезіндегі тараптардың арасындағы кикілжіңді сотқа дейін медиация тәртібімен қарастыруға болады. Ол үшін медиаторға жүгіну керек. Егер бітімгершілікке келмесе соттың процесінде қаралады. Біздің ауданда 14 медиатор бар. Оның ішінде әрбір селолық округтерде 2 медиатор қызмет етеді.», — деп медиация заңы бойынша кеңірек тоқталды. Аудан әкімі бастаған арнайы топ түстен кейін Шиқұдық, Қоңырат елді мекендерінде болды. Тұрғындармен кездесіп елге, ауылға қатысты барлық ой-сауалдарын ортаға салды. Жеке сұрақтары бар тұрғындармен жеке қабылдау өткізді.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Тайсойған-Ақкемер-Саралжын-Шиқұдық-Қоңырат-Ойыл.