Экономика

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ – ТАТУЛЫҚТЫҢ ТІРЕГІ

2025 жыл – еліміз үшін ұлттық мәдени мұраны сақтау, дамыту және қолдау ісінде айрықша мәнге ие жыл. Бұл – барша отандастарымыз үшін маңызды кезең. Баламасы жоқ қоғамдық институт ұлтаралық келісімді нығайтуда және түрлі этностарды бір тудың астына біріктіруде айрықша рөл атқарып отыр.

Яғни, Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қазақстан халқы – біртұтас ұлт» қағидасын дамыту жолындағы басты ұйымға айналды. Бүгінгі таңда қоғамдық бірегейлікті қалыптастыру, отансүйгіштік пен этностық сан алуандықты құрметтеу идеологиясын ілгерілету аса маңызды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясындағы сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі барша азаматтарға бірдей мүмкіндік берілгенін атап өтті.

“Қазіргі жағдайда БҰҰ баламасы жоқ ғаламдық ұйым болып қала береді. Сондықтан біз БҰҰ-ны қолдаймыз. Еліміз түрлі мемлекеттер мен аймақтардың арасындағы достық пен ынтымақтастыққа, өркениетті диалогты дамытуға дәнекер болу үшін көп күш жұмсап келеді. 20 жылдан аса уақыттан бері барлық негізгі конфессиялардың өкілдері әр үш жыл сайын Қазақстанда бас қосады. Биыл күзде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті VIIІ съезін өткізу жоспарланып отыр. Былтыр Астанада Съездің Ізгілік елшілері сайланды. Олар адамгершілік идеяларын ілгерілетіп, әлемде диалог пен өзара түсіністік орнатуға ықпал етеді. Халықаралық қатынастардағы сенімсіздікті еңсеру үшін рухани дипломатиядан бөлек, ҚХА қызметімен ұштасып жатқан халықтық дипломатияның да мол әлеуетін пайдалану керек. Әртүрлі ел мен мәдениет өкілдерінің арасындағы достық байланыс қақтығыстар мен соғыстардың алдын алады. Бұл – ең тиімді тәсіл. Қазақстан халқы Ассамблеясы әлемдегі диалог пен мәдени әралуандықты нығайтуға қызмет етеді. Бүгінде әлем жалпыға ортақ өрлеуге бағытталған жасампаз күн тәртібі мен үлкен жобалардың тапшылығын қатты сезініп отыр. Қазақстан барлық серіктесімен көпжоспарлы әрі нәтижелі жұмысқа ден қояды”, – деді бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан халқы Ассамблеясы 30 жыл бойы елімізді үлкен жетістіктерге жетелеп, этносаралық келісімді нығайту мен әл-ауқатымыздың артуына негіз қалады.

Сәуірбай ҰЛЫҚПАНОВ,

Еңбек ардагері.
 

Related Articles

Back to top button