Басты тақырып

«АУЫЛ КҮНІ» — АЗАМАТТАРДЫҢ БІРЛІГІ

«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» дегендей осы қағиданы ұстанған әр адам атамекен – алтын бесігін естен шығармай, оған өзін мәңгілік қарыздармын деп есептейтіні ақиқат. Патриотизм – кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Ауыл – исі қазақтың қарашаңырағы, түп-тамыры. Береке мен бірліктің нышанына баланатын ауылдарда да талай еңселі істер еңсеріліп жатыр. Сондай ауылдың бірі - Қаракемер.

Өткен сенбіде сол Қаракемерде туған жерге тағзым ету үшін төл перзенттердің басы қосылған көрікті көрініске куә болдық. Мектеп – ауыл халқы үшін мәдениет пен білімнің, өркениет пен өнердің ұясы. Яғни, игіліктің тұрағына айналған Қаракемер ауылындағы көне мектептің орнынан жақында ауыл жастарының бастамасымен сәнді сахнасымен жасақталған саябақ ашылды. Шынын айту керек, Қаракемер ауылының аумағында бұрын-соңды мұндай ауқымды шара өтіп көрмеген еді. Сондықтан да, ойдағы-қырдағы ауылдастарының бәрін бір мақсатқа жұмылдырып осы шараны қолға алған төл перзенті Марат Арыстановтың еңбегі ұшан-теңіз. Саябақтың лентасын ауыл ағалары қиса, атсалысқан азаматтарға алғыс айтып, иықтарына шапан жабылды. Мектеп директоры Бақыт Есқалиева игілікті іске үлес қосқан жырақтағы жерлестердің бәріне ауылдастарының алғыс сезімін жеткізді.
Бірнеше жыл бойы ауыл азаматтарының еңбегімен жасақталған саябақты тек аша салып қоймай, ауқымды мерекелік шара ұйымдастырылып, алыс-жақыннан келген ағайынға ас берілді.
Ұлттық спортпен басталған шарада білекті жігіттер ат үстінде сынға түссе, палуандар боз кілемде белдесті.
Аударыспақта Алға ауданынан келген Ерасыл Қосыбайға финалда қаракемерлік Дастан Жауғаштиев жолын беріп, қонаққа ізет көрсетті.
«Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын!» деп тілейтін қазақтың делебесін қоздырған қызықтың көкесі қазақ күресі болды. Өйткені, күреске сайдың тасындай салмағы 100 килодан астам жігіттер тіркеліпті.
Арасында «құлжаның асығындай», артық қырым еті жоқ, «қайыңқаптал» бір-екі шымыр бала болды. Соның бірі ақшатаулық Есболат Шәутенов екен. Ә дегеннен-ақ шалт қимылымен көзге түскен Есболат салмағы өзінен екі есе басым небір алыптарды алып ұрды. Тек финалға шығарда қанша шымыр болса да шаршады. Мұғалжарлық Қуандық Ерқосай екеуі үшінші орынға қол жеткізді.
Ал, финалда ақтөбелік Ерасыл Амангелді мен мұғалжарлық Ердәулет Есенжол белдесіп, Ерасыл бас жүлдеге тігілген 100 мың теңгені иеленсе, Ердәулет 50 мың тенгені еншіледі. Арқан тартыста көптоғайлық жігіттер жеңімпаз атанса, екінші орынның жүлдесі қараойлық жігіттердің қанжығасында кетті. Қаракемердің жігіттері үшінші орынға ие болды.
Қошқар көтеру мен қозы көтеру сайысында да жеңіске жеткен қайратты жігіттер ұйымдастырушылардың тіккен жүлдесіне ие болды.

Related Articles

Back to top button