ТАҒЫЛЫМДЫ ТАҒЗЫМ

Кешегі күннің қаһармандарын бүгінгі ұрпақ ұмытпасын деген мақсатпен Шүкір Еркінов көшесіндегі №53 үйдің қабырғасына Орынбасар Омарұлы және Жаңыл Зұлқарнайқызына арналған мемориалдық тақта орнатылды. Бұл — қарапайым ауыл қызының тағдыры арқылы тұтас дәуірдің тарихына тағзым ету, ұлттың ұмытылмас ұл-қыздарын ұлықтау.
Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев, «Ойыл ауданының Құрметті азаматы» Ғазиз Займолдаұлы және осы іске ұйытқы болған Рахым Қарабалиев тебіреніспен сөз сөйлеп, көпшілікке тағылымды ой тастады.
Жаңыл Зұлқарнайқызы мен оның жары, соғыс ардагері Орынбасар ақсақалдың ерлігі – бүгінгі ұрпақ үшін мақтаныш. Тасқа қашалған есім – жүрекке таңбаланған естелік. Рухына тағзым ету – тірілердің парызы, есімін есте сақтау – ұрпақтың аманаты.
Орынбасар Омарұлы 1922 жылы Ақтөбе облысы Ойыл ауданында дүниеге келген. Ойыл орта мектебінде оқып, 1940 жылы әскерге аттанады. 1941 жылы Ұлы Отан соғысына кіреді.
Екі рет жарақат алған. Екінші ауыр жарақатынан кейін елге келіп Ойыл орта мектебінде шаруашылық меңгерушісі болып қызмет атқарған. Ұлы Отан соғысында екі мәрте «Қызыл жұлдыз» орденімен және басқа да медальдармен марапатталған.
Өмір өзенінің арнасы терең, тарихтың иірімі қатпарлы. Сол өзеннің бір сағасында Жаңыл Бақтыгелдина атты аяулы жанның өмірі басталған еді. Ол 1925 жылы Ақтөбе облысы, сол кездегі Новоресий ауданына қарасты шағын ғана Мағаджан деген ауылда дүние есігін ашты.
Сонау кең дала төсіндегі қоңыр ауылда туған қыз тағдырдың жазуымен тарихтың қақ төрінен орын алатынын өзі де білген жоқ. Жастайынан қажырлы, өжет болып өскен Жаңыл Зұлқарнайқызы небәрі 17 жасында ел басына күн туған кезеңде Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып, 1942 жылы Ресей Федерациясының Владимир облысындағы әйгілі Владимир әскери училищесін бітіріп, Совет Армиясының офицері шенін иеленеді. Бұл – нәзік жанды қыз бала үшін үлкен ерлік еді.
Униформасын киіп, қару асынған Жаңыл апай 1942-1943 жылдары Краснояр өлкесінде трактор тізгіндеді. Ол тек еңбек майданында емес, соғыс даласында да қайсар мінез, темірдей тәртіп пен ерлік көрсетті. Сталинград шайқасының от-жалынына шарпылып, Еділдің екі жағалауындағы кескілескен ұрыстарға қатысты. Оның ерлігі еленіп, 1945 жылдың 9 мамырында КСРО Жоғарғы Президиумының Жарлығымен Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін медальмен марапатталды.
Орынбасар Омарұлы мен Жаңыл Зұлқарнайқызының өмірі – тек бір адамның тағдыры емес, бұл – тұтас бір ұрпақтың батырлығы мен төзімінің айғағы. Ол – бейбіт күннің қадірін соғыстың зұлматы арқылы түсінген асыл жандардың бірі.
Тағзымдық шара ертеңгісін Ұлы Отан соғысының ардагерлері Қожас Қарабалиев пен Жаңыл Бақтыгелдинаны еске алуға арналған волейболдан дәстүрлі турнирмен жалғасты.
Жас ұрпақты ерлік пен отансүйгіштік қасиеттерге баулып, бұқаралық спорт арқылы салауатты өмір салтын қалыптастырып, ауыл спортын ілгерілетіп, жастар арасында достық пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған турнир биыл жиырмасыншы рет ұйымдастырылып отыр.
Алғашында аймақтық дәрежеде өткізілген жарыс қазір ауданның командаларымен шектеліп отыр. Бірақ, одан жарыстың деңгейі төмендеген жоқ. Командалардың шеберлік деңгейі теңесіп, бәсекелестік жылма-жыл артып келеді. Мәселен, бұрын мұндай жарыстарда ауданның орталығындағы командалар қарсыластарына дес бермейтін еді. Соңғы жылдары бәрі де жүлдеге қол созып жүр.
Биыл, Кемер командасы чемпион болса, Ш.Берсиев атындағы ауылдық округтің құрама командасы күміс жүлдеге ие болды. Ал, қол жүлдеге Қараталдың жастар командасы қол созды.
Қыздар арасындағы жарыста Қайыңдыдан келген арулар алдына жан салмаса, екінші орынға Қараойдың қыздары қол жеткізді.Ойылдағы іргелі мектеп Ж.Жүсібалиев атындағы мектептің волейболшы қыздары үшінші орынға иеленді.
Ардагерлер рухына тағзым ретінде ұйымдастырылған турнир – тек спорттық жарыс қана емес, елдің ертеңі үшін маңызы зор тарихи-тәлімдік шара болды.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.