Экономика

Биыл 20 ақтөбелік жас «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын иеленеді

Ақтөбе облысында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы биыл жалғасады. Жобаның мақсаты – жас буынның жаңа идеяларын қолдап, қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беру. Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясына аталмыш грант иегерлерін анықтайтын комиссия мүшелері қатысып, байқау шарттарын баяндады. Комиссия мүшесі, облыстың жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиевтің айтуынша, грант аясында 20 үздік жобаға 1 300 000 теңгеден қаржы бөлінеді. Қаржыландыру 6 бағыт бойынша жүргізіледі:
— Ғылым – жаңа зерттеулер мен ғылыми жобаларды іске асыру;
— Мәдениет – ұлттық мұра мен өнерді насихаттау;
— Ақпараттық технологиялар – IT-жобалар мен стартаптарды дамыту;
— Бизнес – жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру;
— Медиа – жастарға арналған пайдалы әрі танымдық контент құру;
— Волонтерлік – әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бастамалар.
Конкурсқа 14 пен 35 жас аралығындағы Ақтөбе облысының тұрғындары қатыса алады. Құжат қабылдау 2025 жылдың 20 қазанында басталып, 3 қарашаға дейін жүргізіледі. Өтінімдерге жобаның сипаттамасы, қысқаша таныстырылым немесе бейнеролик, шығындар сметасы және жеке құжаттар қоса ұсынылуы қажет.
Ағымдағы жылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін үміткерлердің аты-жөні арнайы цифрлық кодпен шифрланып, комиссия мүшелеріне ұсынылады. Биыл бағалау процесіне қосымша жасанды интеллект те қолданылмақ.
Комиссия отырыстары ашық форматта өтіп, әлеуметтік желілерде онлайн көрсетіледі. Нәтижелер жарияланғаннан кейін екі күн ішінде қарсылық қабылданады. Жеңімпаздар облыс әкімдігі мен «Жас кен» жеке қорымен үшжақты келісімшарт жасасып, белгіленген мерзімде жобалық және қаржылық есеп тапсырады.

Related Articles

Back to top button