Экономика

Бірлік – елдіктің басты тірегі

Амантай Садиев
облыстың бас имамы:

Кеше Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дін төңірегіндегі мәселелерді де көтерді. Ол теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажеттігін баса айтты.
Бүгінде бұл – көпшілік көкейіндегі мәселе. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ислам дінін ұстана жүріп, өзінің салт-дәстүрлерінен де ажырамаған, оларға зор құрметпен қараған. Бұрынғы аналарымыз, қазақтың қыз-келіншектері қара жамылмай, өзіміздің ұлттық дәстүрімізге сай және шариғат шеңберінен алшақтамай киінген. Біз де бүгінгі ұрпаққа солардың өнегесін үлгі етіп, яғни кимешек, шәлі секілді ашық түсті, ою-өрнекпен көмкерілген ұлттық киімдерімізді киюді әрдайым насихаттап келеміз. Мешіттердегі шаралар да дін мен дәстүр сабақтастығы аясында ұйымдастырылып, жастарға ұлттық құндылықтардың, төл тарихымызға, ата-баба мұрасына сый-құрметпен қараудың маңызы жөнінде жиі айтылады.
Қазақ халқы ислам дінін араб болу үшін емес, мұсылман болу үшін қабылдаған. Ислам діні ортақ болғанымен, әр халық дініміздегі төрт мектепке тән жолдарды ұстанып, бүгінге дейін өзінің тілін, салт-дәстүрін сақтап келді. Ал қазақ халқы ұстанған жолы – Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзхабы. Біз үшін бұл – имандылықпен қатар, бірліктің де жолы.
Бірлік – қашан да елдіктің басты тірегі, алтын қазығы.
Сондықтан халқымыздың ынтымақ-бірлігіне сызат түсірмеуді дін ұстанған әр азамат өзіне мұрат тұтуы керек.

Related Articles

Back to top button