Экономика

ТӘРТІП ПЕН ТАЗАЛЫҚ

Ойыл – бәріміздің ортақ үйіміз. Ішкен суымыз да, жұтқан ауамыз да ортақ. Демек, оның тазалығы да ортақ болуы тиіс. Бірақ, мәселе, осы жерге келгенде басқаша. Рас, қалдық, қоқыс заттарын шығару мәселесі де – табиғи қажеттілік. Біз кейде мұны мүлде мәселе қатарына қоспай, лақтырып тастай салғанымыз секілді көзқарасқа тірейміз. Бұл өте өрескел қателігіміз. Тазалық – саулықтың та, мәдениеттің де бастауы.

Бәріміз тазалық мәселесін басты міндет санасақ, түйткілдер болмас еді. Барлық ауылдарда тазалық жұмыстары округ әкімдігінің бақылауымен ақылы қоғамдық қызмет арқылы жүзеге асырылып жатыр. Одан қалды, көктемде, күзде арнайы тазалық айлығы өткізіледі.
Бірақ, кейбіреулердің түсінігінше, ақы алып отырған адам оның лақтырып кеткенқағазы мен бөтелкесін жинап, көшені тазалауы тиіс. Санитарлық тазалық деген бар, тұрмыс қалдықтарын жинау бар. Санитарлық тазалық – көше бойын таза ұстау, талдарды ақтау, гүлзарларды күту, қыста қар күреу… Ал, тұрмыс қалдығы әркімнің үйінен шығады. Мәселен, көшеде келе жатқан адам ішкен сусынының құтысын арнайы жәшікке салса, бала да соны жасар еді. Немесе баласы лақтырып тастаса да, солай болуы керек сияқты кете беретін адамдардың әрекеті тәртіп пен тәрбиенің егіз екенін де түсінбейтіндігінің куәсі.Сенің немесе балаңның лақтырып кеткенінбіреу жинап алуы керек деуі заңды айтпағанда, адамдыққа да томпақ емес пе? Осы мәселені әлеуметтік желіде де, баспасөзде де айтып келеміз.
Ал, үйлерден шығатын әртүрлі тұрмыстық қалдықтар мен малдың қиы, болмаса құрылыс қалдықтары да арнайы орынға дұрыс төгілмейді. Оны да тағы арнайы техникамен түйіп, жинау керек. Жиналып та жатыр. Қоқысты арнайы полигонға апармай, ауыл сыртына, көзден тасалап төгіп кетеді. Бәрі болмаса да, кейбірі сөйтеді. Ол үшін алдымен, сана тазаруы керек. Есігінің алды аяқ алып жүргісіз болып жатып, ауылдың тазалығына сын айтатындар да көп. Бұл сөзге өкпелеудің, тазарудың орнына сазарудың қажеті жоқ. Алдымен, өз айналамызды таза ұстасақ, барлық жер таза болады. Бұл – аксиома. Ол үшін тәртіпке бағыну керек. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген Бауыржан атамыздың сөзін төсқалтамызға салып жүрсек, артық емес. Себебі, әрбірімізді алға сүйрейтін, жақсы, таза, тамаша өмірге алып баратын жол — тәртіп.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Related Articles

Back to top button