Экономика
«ХАН ТӘТТІЛЕРІ»ЖАҢА ҒИМАРАТҚА КӨШТІ
Былтыр ғана «Хан тәттілері» деген шағын дүкен ашқан жас кәсіпкер Әсемгүл Шәкенова жуырда жаңа ғимаратқа көшті. Әуелгіде «Бастау-Бизнес» арқылы оқып, мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, кәсібін бастаған кәсіпкер айналасы екі жылда үлкен жетістікке жетті.

Өткен аптада жаңа ғимаратын ашып, қуанышын көппен бөлісті.
Тұтынушыларға заманауи үгліде қызмет көрсетуге бағытталған жаңа ғимараттың ашылу салтанатына аудандық кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Қойбағаров пен Ойыл селолық округінің әкімі Рүстем Сағынғалиевтар мен көршілері, ағайын-туыстары, достары қатысты. Бір жаздың ішінде әп-әсем ғимаратты қолы шебер жұбайы Қайрат «теп-тегіс» жерге тұрғызып, көрікті нысанға айналдырды.

Отбасылық бизнестің үлгісін көрсетіп отырған кәсіпкерлер балаларын да еңбекке баулып, «Еңбектің наны тәтті» деген қағидаға көздерін жеткізіп отыр. «Жақсыны көрмекке» келген жұртшылық жас кәсіпкерлердің саудаларына сәттілік тілеп, арнайы дайындалған дастарханнан дәм татты.




