ЦИФРЛАНДЫРУ БҰЛ – ТЕК ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҢАРУ ҒАНА ЕМЕС, ОЛ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУДЫҢ ТИІМДІЛІГІН АРТТЫРУ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында өткен жылдың басты қорытындыларына тоқталып, елдің болашағына қатысты сұрақтарға жауап берді. Жыл сайын дәстүрге айналған бұл үрдісте елдің көкейінде жүрген түйткілдердің түйінін тарқатты.
Мақаладағы назар аударарлық мәселелердің бірі — цифрландыру. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында Қазақстанды үш жылдың ішінде цифрлық елге айналдыру қажет деп нақты міндет жүктеген еді. Биылғы жылды да Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауы бекер емес. Цифрландыру бұл – тек технологиялық жаңару ғана емес, ол мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту және экономиканың жаңа деңгейге көтерілуі. Президент атап өткендей, цифрлық шешімдер ең алдымен азаматтардың күнделікті өмірін жеңілдетуге бағытталуы тиіс.
Ақтөбе облысында бұл бағытта жүйелі жұмыстарды бастап кетті, нәтижелер де бар. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі онлайн форматқа көшіріліп, уақыт пен ресурсты үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр.
Мемлекет басшысы сұхбатта адами капиталдың сапасы мен жаңа технологияларды меңгеру елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтынын айтты. Осыған орай Ақтөбе облысында мұғалімдер жасанды интеллект негіздерін меңгеру бойынша оқытылып, «Alaqan»платформасы білім беру үдерісіне енгізіліп жатыр.
Мейрамбек Музамелулы
Ойыл аудандық мәдениет үйінің кадр маманы




