ОЙЫЛДА ЖАҢА МЕКТЕП ПЕН БАЛАБАҚШАНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛДЫ
Өткен аптада Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев жұмыс сапарымен келіп, бірқатар маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысын тексерді. Аудан орталығында бірден екі әлеуметтік маңызы бар нысан - 320 орындық мектеп пен 150 орынға арналған балабақшаның құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған.

Нысандарды аралау кезінде Асылбек Есенбаев мердігер ұйымға нысандарды созбалаңға салмай тапсырып, аудан балансына қабылдауды қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді. Бұл білім беру мекемелерінің алдағы уақытта оқушылар мен тәрбиеленушілерді қабылдауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары Ойыл өзені арқылы салынатын көпірдің құрылысымен танысты. Ауданның көлік қатынасы үшін стратегиялық маңызы бар нысанда жұмыстар күшейтілген режимде, екі ауысыммен жүргізілуде. Қазіргі таңда сегіз тіректің жетеуі орнатылған, көпір аралықтарына арқалықтарды монтаждау жұмыстары жалғасуда. Сапар қорытындысы бойынша Асылбек Есенбаев бетондау жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтап, ақпан айының соңына дейін көпір арқылы техникалық жүрісті қамтамасыз ету жөнінде нақты міндет қойды. Уақытша болса да қозғалыстың ашылуы ауданның көлік қолжетімділігін жақсартып, әлеуметтік ахуалдың жақсаруына оң әсер ететіні атап өтілді.



