Мәдениет
Мерекенің басты мерейі
Қайтқан құстың қанатымен сағындыра келетін көктем мезгілінің алғашқы да, шуақты мерекесі «Халықаралық әйелдер күнін» біздің өңірде алғашқылардың бірі болып, зейнеткерлік жастағы асыл әжелеріміз бен мүмкіндігі шектеулі ару аналарымыз қарсы алды.
Аудандық мәдениет үйі мен «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы мәдениет және демалыс орталығының ұйытқы болуымен өткен «Аяулы әже, ардақты ана, ару қыз» атты мерекелік шараға «Замандас» әжелер, «Әйел бақыты», «Келіндер», «Достық» клубтарының мүшелері мен мүмкіндігі шектеулі жандар қатысты. Сонымен қатар осы шараны 40-қа жуық мүмкіндігі шектеулі жандардың басын қосып ұштастырған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі оларға мерекелік дастархан төрінен орын берді. Айтулы мерекеде аналардың жанынан табылған аудан әкімі Бұлбұл Күзембаева барша аналар қауымын мерекелерімен құттықтап, берекелі де ғұмырлы күн кешуге жүрекжарды тілегін білдірді. Мейірімді жандарға жайылған мерекелік дастархан аналардың ақ тілегіне ұласып, өңір өнерпаздары ақ жүрек аналарға арналған ән-шашуларын тарту етті. Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Асқар Қазыбаев пен «Нұр Отан» партиясы Ойыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркін Жиеналин «Анаға сәлем» әнін қосыла шырқап, асыл аналарымыздың аялы алақанынан шыққан ыстық қошеметіне бөленді.
М.ӘДІЛБАЙҰЛЫ.