ӘлеуметБасты тақырыпМәдениет

«МӘДЕНИЕТТІ АНА- МӘДЕНИЕТТІ ҰЛТ» ЖОБАСЫ-ОЙЫЛ АУДАНЫНДА

Қазіргі уақытта қоғамдағы аналардың, жалпы әйел затының атқарып келе жатқан рөлі өте жоғары. Қай саланың дамуына да өлшеусіз үлес қосып келе жатқан нәзік жандылардың еңбегі жұртшылықтың көз алдында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мәдениетті ана – Мәдениетті ұлт» республикалық жобасын іске асыруды тапсырған болатын. Жобаны іске асыру мақсатында арнайы Жол картасы әзірленіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен елдің барлық өңірлерінде түрлі форматта іске асырылуда. 

 Осы орайда өткен сәрсенбі Ақтөбе облыстық «Қоғамдық келісім» КММ мамандары, Аналар кеңесінің төрайымы Жұмабике Қалиева, облыстық аналар кеңесінің жұмысын үйлестіруші Рауза Сергалина, жас аналар кеңесінің жетекшісі Бақытгүл Жетесова жоба аясында ауданға іс-сапармен келді. «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында «Ел анасы» атты тәжірибе алмасу мақсатында аналар кеңесінің отырысы өтті. Айтулы шара алдымен аудандағы қол өнер шеберлерінің бұйымдарынан құрылған көрмесімен басталды. Сонымен қатар «Ұмытылып бара жатырған ұлттық салт дәстүрлер» фотогалерясы ұсынылды. Ал, келіндеріміз шараға жиылған қонақтарға иіліп сәлем беріп, қарсы алды. Аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев ауданға келген қонақтармен таныстырып, кездесуге қатысушыларды еркін, ашық пікірлесуге шақырды.
Еліміздің әр өңірінде айрықша өткізіліп жатқан «Мәдениетті ана- мәдениетті ұлт» жобасы аясында «Ойыл аудандық аналар кеңесінің атқарылған жұмысы» туралы аналар кеңесінің төрайымы  Айсұлу Мамбетова арнайы дайындалған слайд арқылы таныстырып өтсе, Қобда аудандық аналар кеңесінің мүшесі Назила Алдырбекова аналар кеңесінің атқарылған кешенді жұмыстары туралы баяндады. Кездесу соңында облыстық аналар кеңесінің төрайымы Жұмабике Қалиева кездесудің маңыздылығын айта келе, қазіргі уақытта ұрпақ тәрбиелеуде ең өзекті мәселелерді қамтып, аналар кеңесі әртүрлі бағытта түрлі бастамалар жасап, ұрпақтың, ұлттың болашағы үшін үлес қосатынын жеткізді.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар