Алдағы сайлау науқанына дайындық жұмыстары туралы Ойыл аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бисекенов Берік Төлеуұлымен сұхбаттастық.

– Ойыл ауданында қанша сайлау учаскесі жұмыс істейді?
– Ойыл ауданында барлығы 25 сайлау учаскесі бар. Осы 25 сайлау учаскесінде 125 учаскелік сайлау комиссиясы мүшелері жұмыс жасайды. Барлық комиссия мүшелерінің сайлау өткізуде тәжірибелері бар. 25 сайлау учаскесінің 9 учаскесі білім беру мекемелерінде, 15 учаскесі мәдениет ошақтарында және денешынықтыру-сауықтыру орталығында 1-учаске орналасқан. Биыл жаңа сайлау учаскелері ашылған жоқ және бұрынғы учаскелердің ешқайсысы жабылған жоқ. Барлық учаскелер белгіленген тәртіппен өз жұмысын жүргізеді.
– Сайлау учаскелерінің дайындығы қалай жүргізілуде?
– Қазіргі таңда барлық сайлау учаскелері жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінгі күнгі есеп бойынша 11 учаскеде 22 мүгедектігі бар сайлаушылар, оның ішінде кресло-арбаларды пайдаланатын 10 сайлаушы, есту бойынша мүгедектігі бар (саңырау және саңырау мылқау) сайлаушылар саны – 8, көру бойынша мүгедектігі бар (зағип және нашар көретін) 4 сайлаушы бар.
– Алдағы күндері қандай ұйымдастыру шаралары жоспарланған?
Шілде айының 8-10 аралығында облыстық сайлау комиссиясы мүшелерінің ұйымдастыруымен «2026 жылы 23 тамызға тағайындалған Құрылтай сайлауын ұйымдастыру мен өткізу» тақырыбы бойынша оқу – семинары ұйымдастырылды. 2026 жылдың 30 шілдесі күні облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Н.М.Жүсіповтің қатысуымен барлық 25 учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары,төрағаның орынбасарлары мен хатшыларға оқыту семинарын өткізу жоспарланған. 3 тамыздан бастап учаскелік сайлау комиссияларын оқыту жоспары бар. Яғни барлық комиссия мүшелерімен оқу – семинары және қашықтықтан тестілеу өткізілетін болады.
– 2 тамыз күні учаскелік сайлау комиссияларына аудан әкімінің қолымен бекітілген сайлаушылардың тізімдері тапсырылады. Ал 3 тамыздан бастап сайлау учаскелері өз жұмысын бастайды және сайлау процесіне қатысты заңнамада көзделген рәсімдерді жүзеге асырады.



