Чемпионның таңдауы

Қаладағы № 19 орта мектеп базасында орталасқан № 61 сайлау учаскесінің жұмысы таңғы сағат 7.00-де басталды. Алғашқылардың бірі болып, грек-рим күресінен Азия чемпионы, ақтөбелік спортшы Әділет Сисенбаев дауыс беріп үлгерді.
— Сайлауға қатысу мен үшін маңызды. Себебі елде қабылданатын шешімдер жастардың, соның ішінде спортшылардың да болашағына әсер етеді. Сондықтан өз таңдауымды жасап, дауыс бердім, – деді Әділет Сисенбаев.
Азия чемпионы Құрылтай депутаттарынан жастарға қатысты мәселелерге, әсіресе спортты дамытуға көңіл бөлуді күтетінін айтты.
— Жастарға спортпен айналысуға барынша жағдай жасалса деймін. Заманауи спорт нысандары көбейіп, талантты спортшыларға қолдау көрсетілсе жақсы болар еді. Әсіресе, ауылдар мен аудандарда балалардың спортпен тұрақты айналысуына жағдай керек, – деді спортшы.
Оның айтуынша, балалардың спортқа келуі үшін қолжетімді секциялар, жақсы жаттығу орындары және білікті жаттықтырушылар қажет. Баланың спортқа деген қызығушылығын қолдау оның болашағына да әсер етеді.
Айдана АЛТЫБАЕВА.




