Алғашқы Құрылтай сайлауындағы тұңғыш қадам: Ақтөбеде Люлиндер отбасы сайлау учаскесінде «Тұсаукесер» жасады
Ақтөбеде Құрылтай депутаттарының алғашқы тарихи сайлауы мерекелік көңіл күймен ғана емес, қазақстандықтардың бірлігін айшықтайтын жарқын оқиғамен де есте қалды. №49 сайлау учаскесінде Люлиндер отбасы дауыс бергеннен кейін кішкентай Максимнің тұсауын кесті.

Рәсім домбыра үнімен өтіп, дәстүрлі шашумен жалғасты. Сәбидің тұсауын облыстық мәслихат депутаты Сергей Вишняк кесіп, оған өмір жолында нық қадам басуына тілектестік білдірді.
Максимнің дәстүрлі таңдау жасаған сәті де ерекше болды. Ұсынылған сыйлықтардың ішінен бүлдіршін «Абайдың қара сөздері» кітабын таңдады. Осылайша, бір оқиғада сәбидің жарқын болашағына арналған ақ тілек пен бүкіл елдің алдағы даму бағытын айқындайтын таңдау символдық тұрғыда тоғысты.
Бұл рәсімнің тарихи Құрылтай сайлауы кезінде өтуінің де мәні айрықша болды. Ересектер сайлауда дауыс беріп жатқанда, кішкентай Максим тұсауы кесіліп, алғашқы қадамын басып, өз таңдауын жасап жатты.
Құрылтайға елдің дамуына және бүгінгі балалардың ертең қандай ортада өсіп-жетілетініне ықпал ететін заңдар мен шешімдер қабылдау міндеті жүктеледі.
Сондықтан әрбір азаматтың сайлауға қатысуы – бүгінгі күн үшін ғана емес, келешек ұрпақтың болашағы үшін де үлкен жауапкершілік екені анық.
№49 сайлау учаскесіндегі мерекелік шарада отбасылық дәстүр, мәдени әралуандық және ел үшін маңызды тарихи оқиға өзара үндесті. Максим мен Люлиндер отбасына зор денсаулық, бақ-береке және бақытты өмір жолын тілейміз.
Кәмшат ҚОПАЕВА.




