Бірлік пен ұйымшылдықтың үлгісі
Ақтөбедегі Шығармашылық академиясында орналасқан №557 сайлау учаскесінде жан-жануарлардың бейнесінде келген тұрғындар көпшіліктің назарын аударды. Олардың ерекше киімдері сайлау учаскесіне мерекелік көңіл күй сыйлап, келушілерге жақсы әсер қалдырды.

Тұрғындардың бірі жылқы, бірі барыс, бірі ұлу, енді бірі иттің бейнесіндегі киім киіп келіп, дауыс берді.
— Жылқы — халқымыз үшін тектіліктің, қажырлы қайрат пен бірліктің символы. Біз де бүгін сайлауға осындай зор қуатпен, жұдырықтай жұмылып жеттік. Құрылтай — ел болып бірігетін, маңызды шешімдер қабылдайтын, бірлікті бекемдейтін киелі жиын. Құрылтай — бұл жай ғана басқосу немесе құр ұрандататын жиын емес. Бұл — ұлттық кодтың, ата-бабамыздан қалған демократияның шынайы көрінісі. Тарихқа қарасақ, ең қиын-қыстау замандарда халық тек Құрылтайда бас біріктіріп, ел тағдырын шешкен. Құрылтай — әрбір азаматтың үні билікке, қоғамға жететін ашық алаң, — деді жылқы болып киінген тұрғын Еламан Қалыбаев.
Ал №557 сайлау учаскесінің төрағасы Самал Тәжібаева күннің жексенбі болғанына қарамастан, таңнан бастап келушілердің қарасы көп екенін айтты.
— Саяси маңызы бар шараға тұрғындар өте үлкен жауапкершілікпен қарап отыр. Сайлаушылар таңғы уақыттан бастап ағылып келіп жатыр, халықтың белсенділігі өте жоғары, көңіл күйі де көтеріңкі. Алғаш рет таңдау жасаған жастар мен үлкен кісілердің қатысуын ескеріп, тұңғыш рет дауыс беріп жатқан 18 жастағы ең жас сайлаушыларымыз бен көпті көрген ақсақалдарымызға, ардақты қарттарымызға арнайы сыйлықтар үлестіріп жатырмыз. Бұл — олардың азаматтық белсенділігіне деген құрмет пен ынталандыру. Жастардың көзінен жалын, қарттарымыздың жүзінен жылылық көріп, ерекше қуанып отырмыз. Тұрғындардың дайындығы біздің учаскенің ең үлкен мақтанышы болып тұр. Осы маңның тұрғындарынан — бір-бірін жақсы танитын, тату-тәтті өмір сүріп жатқан көршілердің ұйымшылдығын көріп таңғалып жатырмыз. Бүгінгі біздің сайлау учаскесіне жыл қайыру шежіресін тірілтіп, жыл он екі айдың киімін киіп келген белсенді тұрғындарымыз бен көршілеріміз ерекше рух пен өзгеше сән беріп тұр. Ортамызда тұлпар тұяқты Жылқы да, айбатты Барыс та, берекелі Тауық пен кербез Ұлу да бар. Көршілердің осылай жұдырықтай жұмылып, арнайы дайындықпен келуі — үлкен бірліктің көрінісі, — деді Самал Тәжібаева.
Аталған сайлау учаскесінде 2911 адам тіркелген.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



