Заң мен тәртіп: қауіпсіз болашаққа қадам

Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен халықтың цифрлық әрі қаржы жөніндегі сауатын арттыру және кибер-алаяқтардың арбауынан қорғау мақсатында «Тоқта! Ойлан! Тексер!» атты ерекше интерактивті театрландырылған бағдарлама жүзеге асырылып жатыр.
Ақтөбе әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұжымында өткен басқосуда аталған департамент өкілдері цифрлық қауіпсіздік ережелері туралы ақпарат беріп, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының орыс труппасы актерлері шынайы оқиғаларға негізделген қойылым көрсетті.
Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Жадан Бисенбин мұндай форматтың тиімді екенін айтады:
— Жалаң сөзбен айта бергеннен гөрі өмірден алынған шынайы оқиғаларға негізделген қойылым адамдардың есінде жақсы сақталады әрі сабақ болады деп сенеміз, — дейді ол.

Театр әртістері өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, үрей туғызу арқылы құпия SMS-кодтармен бопсалайтын телефон алаяқтарының айла-шарғыларын нақты бейнелеп берді. Сондай-ақ жеңіл ақша табу мақсатында банк карталары мен есепшоттарды үшінші тұлғаларға заңсыз қаржы айналымына берудің, өзгеше айтқанда дропперлікке түсудің қаупі мен оның салдарынан туындайтын заңды жауапкершілік кеңінен түсіндірілді. Ешқандай тәуекелсіз жоғары табыс уәде ететін күмәнді инвестициялар мен қаржы пирамидаларына алданбау ережелері, алаяқтардың жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, жақындарының даусы мен бейнесін айнытпай салып, жол апаты сияқты желеулермен шұғыл ақша бопсалайтын жаңа дипфейк схемалары да көрсетілді. Осылайша актерлер азаматтарды асығыстық пен үрейге бой алдырмауға, кез келген күмәнді ақпаратты ақылмен саралауға — тоқтап, ойланып, тексеруге шақырды.

Жадан Бисенбиннің айтуынша, қазіргі уақытта ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл іске Ақтөбе қаласының 150-ден астам тұрғыны дроппер ретінде тартылған.
— Дроппер дегеніміз — өзінің банк карточкасы мен есепшотын үшінші тұлғаларға пайдалануға беріп, заңсыз жолмен табылған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыруға көмектесетін адамдар. Тергеу барысында бұл қаражаттардың алаяқтық жолмен азаматтардан тартып алынғаны анықталды. Осындайдан азаматтар сақ болуы керек, — дейді ол.
Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары цифрлық қауіпсіздік пен дипфейктерге, сондай-ақ алаяқтық схемаларға қарсы түсіндіру жүргізіп, смартфонды қалай қорғау керектігі, Wi-Fi жүйелеріндегі қауіп және әлеуметтік желідегі сауда-саттық кезінде кезігетін алаяқтық сияқты өзекті мәселелер туралы ақпарат берді. Ж.Бисембиннің айтуынша, мұндай профилактикалық кездесулер алдағы уақытта басқа да мекемелерде өткізіледі.



