ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР БАС ҚОСТЫ
Өткен сейсенбі күні Ойыл аудандық Іскер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен ауданның белсенді де іскер әйелдерінің басын қосқан «Бірлік. Идея. Даму» атты кездесу өтті. Басқосудың негізгі мақсаты – іскер әйелдердің бір-бірімен тәжірибе алмасып, ой бөлісуіне, жаңа идеялармен бөлісуіне және алдағы жұмыстарды бірге жоспарлауына мүмкіндік жасау.
Кездесуді Ойыл аудандық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айшолпан Баубекқызы жүргізіп, әйелдер қауымын біріктіретін мұндай кездесулердің маңыздылығына тоқталды. Жиын барысында кәсіпкерлік, кәсіби даму, жаңа бастамалар мен өзара қолдау мәселелері сөз болды.
Әр әйелдің өз айтары, өз тәжірибесі бар. Сондықтан кездесу барысында қатысушылар да еркін пікір білдіріп, өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салды. Сонымен қатар, іскер әйелдердің қажеттіліктері мен ұсыныстарын анықтау мақсатында сауалнама жүргізілді. Бұл алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың бағытын айқындауға мүмкіндік береді.
Кездесудің келесі бөлімі кофе-брейк форматында жалғасты. Шай үстіндегі еркін әңгіме барысында әйелдер бір-бірімен жақынырақ танысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Кәсіп бастау, оны дамыту, жаңа идеяларды жүзеге асыру және күнделікті жұмыста кездесетін түрлі мәселелер жайында әңгіме өрбіді. Еркін форматтағы бұл бөлім қатысушыларға ашық сөйлесіп, өзара пікір алмасуға жақсы мүмкіндік берді.
Ал кездесудің соңғы әрі ерекше бөлімі психологиялық тренингке арналды.
«Кәсіптегі табыс – ішкі гармониядан басталады» деген ұстаныммен ұйымдастырылған тренингті Ойыл аудандық ауруханасының психологы Айгүл Майлыбаева өткізді.
Психолог әйелдерге ішкі потенциалды ашу, стрессті басқару, эмоциялық ресурсты толықтыру және өз-өзіне көңіл бөлудің маңызы туралы пайдалы кеңестер берді. Қатысушылар арнайы жаттығуларға қатысып, еркін пікір алмасты.
Кәсіп пен отбасы, жұмыс пен күнделікті тіршілікті қатар алып жүрген әйел үшін ішкі тепе-теңдікті сақтау да аса маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, кездесудің психологиялық тренингпен қорытындылануы қатысушыларға жақсы көңіл күй мен жаңа серпін сыйлады.
Бір күннің өзінде тәжірибе алмасып, жаңа идеялар айтып, еркін әңгімелесіп, пайдалы кеңестер алған әйелдер үшін бұл басқосудың берері мол болды.
Өйткені бірлік бар жерде – қолдау бар. Ал қолдау бар жерде – жаңа идея мен жаңа мүмкіндік бар.
Гаухар АБАЙҚЫЗЫ.



