Жаңалықтар

КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ – КЕМЕЛ КЕЛЕШЕК КЕПІЛІ «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КІТАП ОҚУ МАРАФОНЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» ұлттық жобасы – қоғамда кітап оқу мәдениетін дамытуға, оқырман белсенділігін арттыруға және білімді әрі зерделі қоғам қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Қазіргі таңда республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафонына тіркелу жүргізіліп, кітаптар оқылуда. Жоба еліміздің барлық өңірінен қатысушыларды біріктіріп, кітап оқуды насихаттау мен оқу мәдениетін дамытуға бағытталған ең ауқымды ұлттық бастамалардың біріне айналмақ.

Марафон 2026 жылғы қыркүйек айынан 2027 жылғы сәуірге дейін қазақ және орыс тілдеріндегі екі кітапты қамти отырып өтеді. Жоба 7 бағытты қамтиды:

– «Кітап оқитын мектеп» — 6–10 сынып оқушылары;
– «Кітап оқитын колледж» — колледж студенттері;
– «Кітап оқитын университет» — жоғары оқу орындарының студенттері;
– «Кітап оқитын педагог» — мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары;
– «Кітап оқитын әулет» — отбасылық командалар;
– «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» — мемлекеттік қызметшілер;
– «Кітап оқитын зияткер» — жасына және қызмет саласына шектеу қойылмайтын барлық азаматтар.

Әр қатысушы өз бағыты бойынша арнайы іріктелген 330 кітаптан құралған тізімнен 15 кітап оқуы қажет. Оның 165-і қазақ тілінде, 165-і орыс тілінде ұсынылған. Кітаптар тізіміне отандық авторлардың шығармалары, әлем классикасы және заманауи туындылар енді. Тізімді жасау кезінде жалпұлттық дауыс беру қорытындысы бойынша «100 кітап» тізіміне енген шығармалар, сондай-ақ әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары жазған туындыларды қоса алғанда, әлемдік бестселлерлер де ескерілді.

Негізгі оқу кезеңі биыл қыркүйек айында басталып, 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады. Осы уақытта қатысушылар кітаптарды оқып, жеке кабинетінде пікірлерін жариялап отырады. Ал 2027 жылғы наурыз–сәуір айларында қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер өткізіледі.

Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар табысталады: 1-орын — 600 000 теңге; 2-орын — 450 000 теңге; 3-орын — 300 000 теңге.Барлық финалист дипломдармен және электронды сертификаттармен марапатталады.

Марафонның ерекшелігі – кітап оқуды жеке адамның әдетінен қоғамдық құндылыққа айналдыруға бағытталуында. Өйткені кітап оқитын адам – ойлайтын адам. Ал ойлайтын ұрпақ – елдің ертеңін қалыптастыратын күш.Бүгінгі таңда кітапхана – тек кітап сақтайтын орын емес, рухани білім мен мәдениеттің, пікір мен идеяның тоғысатын заманауи орталығы. Сондықтан кітапханалардың алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – оқырманға жаңа кітап ұсынумен қатар, оның кітапқа деген тұрақты қызығушылығын қалыптастыру. «Кітап оқитын ұлт» марафоны осы мақсатқа қызмет ететін маңызды мәдени-ағартушылық бастама екені сөзсіз. Себебі ұлттың рухани деңгейі оның оқуға, білімге, ізденіске деген көзқарасынан көрінеді.

Осыған орай, барлық мекеме қызметкерлерін республикалық кітап оқу марафонына белсенді қатысуға шақырамыз!

Кітап оқу – білім мен таным көкжиегін кеңейтудің, кәсіби және тұлғалық дамудың маңызды құралы. Бірлесе отырып, оқу мәдениетін қалыптастырып, «Кітап оқитын ұлт» идеясын қолдайық!

Айгүлім МЫРЗАБЕК,

 «Ойыл аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің

 жасөспірімдер әдіскері

Related Articles

Back to top button