АТ ҮСТІНДЕГІ АЗАМАТ!
Ауыл – адамзат өркениетінің бесігі, еңбек пен тіршіліктің қайнар көзі. Осыдан ғасырлар бұрын да, бүгін де ауыл тұрғындарының қажырлы еңбегі қоғамды азық-түлікпен, табиғи байлықтармен қамтамасыз етіп келеді. Ауылдағы «алтын қолдар» – ұмтылыс пен шынайы шеберліктің көрінісі. Олар күн сайынғы еңбегімен өз отбасын асырап қана қоймай, ел экономикасының дамуына үлес қосуда.

Ауыл өмірінде табыстың басты сыры – еңбекқорлық. Көптеген ауыл тұрғындары қиындықтарға қарамастан, өз кәсібін дамытып, табысқа жетуде. Ауылда өз ісіне шынайы берілген, ауыл тіршілігінің кез келген қиыншылығына төтеп беріп, өзгелерге үлгі бола алатын еңбек адамдары. Олар – жер жыртып, дән еккен диқан, мал бағып, шаруашылығын дөңгелеткен фермер, болмаса аспаздық өнерімен танылған ауыл әйелдері. Әрқайсысы өз ісінің хас шебері, ауыл өмірінің негізгі тірегі.
Солардың бірі менің бүгінгі кейіпкерім – Сәкен Қосжанов. Туғалы табан аудармай Ақшатауда тұрады. Арасында әскерге барып, сол уақыттағы ауылға қажет майталман мамандарды дайындаған Темірдің совхоз техникумын оқып келгені болмаса… Қаланы көрсе де, қандай қиын-қыстау кезеңде де қалаға барып, тіршілік құруды ойламапты да. Өйткені, қара шаңырақтың кенжесі. Ол ата-бабадан келе жатқан жазылмаған заң.
Барлық замандасы секілді бала күнінен бұғанасы бекіп, қабырғасы қатқаннан алғашқы мүшелге толғаннан үйдегі тіршілікті айтпағанда, жаз бойы косылкаға отырып, қырманда еңбек етіп, ауылдың шаруасымен шынықты. Одан кейін жылдың қай мезгіліндегі каникулда да шопан әкенің көмекшісіне айналды. Жасынан шаруамен пісірген әке бір отар қойды қаршадай балаға апталап тастап жүре беретін… Бәрі де сол уақыттағы ауыл өмірінің ажырамас бөлігі. Сөйтіп, елу жылдан бері ат үстінде келе жатқан азамат алпыстың асқарына шығып, ата болып отыр.
Ауылда жатып алып, «ауадан ақша жасау» мүмкін емес. Ауылдың ерекшелігі – еңбекте. Ауылдағы өмір үнемі қозғалыс пен еңбекке толы. Таңертеңнен күн батқанға дейін тыным жоқ. Тіпті, түн ұйқыңды төрт бөлетін кезде аз емес. Жылдың әр мезгілінде болатын құбылыста өзіңнің жайыңнан бұрын малыңның қамын ойлайсың! Олай болмаса, малың өспейді. Малың өспесе, табыс болмайды. Бір-бірімен байланып, біте қайнасқан тіршіліктің бел ортасында жүрген Сәкеннің ұстанымы — “Еңбек бәрін жеңеді” — деген қағида.
Оның бәрінің сыртында ауылдың ортақ шаруасының басы-қасында да Сәкен жүреді. Үш-төрт жыл бұрын асарлатып клуб салғанда Сәкеннің ұйымдастыру шеберлігіне көз жеткіздік. Жырақтағы жерлестердің үлкен іске үлес қосуына ұйытқы болса, ауылдағы шаруаға әлі келетін азаматтардың бәрін ортақ жұмысқа жұмылдырып, құрылыстың басы-қасында күндіз-түні жүрді. Күні кеше ғана кесенесі көтерілген Шақа атамыз жатқан Төрттоғайдағы қорымды қоршауда да сол жерде мәңгілік мекені болған адамдардың ұрпақтары мен ағайындарын ұйымдастырып, қашан қоршалғанша дамыл тапқан жоқ…
Мамандығы ауылшаруашылығы болған соң, оқуды бітіріп келген бойда совхоз алақайлап қарсы алды. Қашан үкімет «құлағанша» сол шаруашылықтың отымен кіріп, күлімен шықты. Маусым сайын маңызды науқаны айналып соғатын ауылда қайнаған тірішіліктің ортасында жүріп, Света апамызбен отбасын құрып, төрт бала тәрбиелеп өсірді. Үйлі-баранды болған екі ұлы Ақтөбе қаласында қоғамдық тәртіп сақшысы болса, өзі сияқты кенжесі ауыл мектебінде қызметкер. Бүгінде 11 немеренің атасы.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.



