Әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеттері мен қағидаттары

Жалпы әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеттері жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық іске асырумен жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізу болып табылады. Сонымен қатар тиімді және бүкпесіз мемлекеттік басқаруды, оның ішінде адамдардың басқару шешімдерін қабылдауға қатысуы арқылы қамтамасыз ету және жария-құқықтық саладағы заңдылықты нығайту екені баршамызға мәлім.
Әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті.
Құқықтармен заңды мүдделерді қорғау бойынша әркім бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін белгіленген тәртіппен әкімшілік органға, лауазымды адамға немесе сотқа жүгінуге құқылы.
Сот әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қана қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді.
Әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартуына, шектеуіне, тоқтатуына, сондай-ақ оған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленбеген талаптарды сақтау мақсатында міндет жүктеуіне тыйым салынады. Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына негізделген осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 29 маусымдағы № 350-VI Заңымен Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қабылданып, аталған кодекс талаптары бойынша халық мүддесі үшін бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Осы кодекс 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа еңгізілгендігі баршамызға мәлім. Осы аталған Заңда әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеттері мен қағидаттары нақты айтылған.
Г.ТАНКИЕВА,
Ойыл аудандық соты әкімшісінің басшысы.



