Спорт
Сарбиедегі мұз айдыны түлектердің тартуы
Біздің ауданда өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлының бастамасымен қолға алынған «Бақытты бала», «Туған жерге тағзым» акциясы қарқынды жүзеге асып келеді. Айтулы жоба аясында атқарылған жұмыстар мен акция шеңберінде туған жерге деген жанашыр жерлестердің тартулары жетерлік. Оның бірі «Бақытты бала» жобасы мен «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Сарбиедегі мектеп оқушыларына арналған мұз айдыны.
Игілікті шараға мұрындық болып, демеушілік көрсеткен 1978, 1979, 1993 жылы туылған Сапақкөл орта мектебінің түлектері мен Лэкмар Жүсіпов, Нұрболат Хасенов, Жалғас Сидағалиев сынды жеке кәсіпкерлер. Нақтырақ айтсақ, 400 мың теңге көлеміндегі қаржыға Сапақкөл орта мектебінің жанынан мектеп оқушыларына арнап хоккей кортын жасақтап берді. 450 шаршы метрді құрайтын мұз айдыны ауыл балаларына үлкен қуаныш сыйлады. Енді сарбиелік балақандар желтоқсан желімен жарысып, сырғанақ тебеді. Сырғанап қана қоймайды. Сәтін салса «хоккей» деген қысқы спорттың түріне тас түйін шыңдалып, додаға түсуге дайындалады деген сенімдеміз. Мектеп директоры Елеусін Тұрғанғазин сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта 1981 жылы туылған айтулы мектептің түлектері бірнеше хоккейді сыйға тартпақ.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.