ӘкімдікӘлеуметБасты тақырыпБілімДенсаулықМәдениетРухани жаңғыруСпортСұхбатЭкономика

ЖҰМА КҮНІ ЖЕТІ ШЕЛПЕК ТАРАТУ ШАРИҒАТҚА ҚАЙШЫ МА?

Қазақ халқының санасына сіңген салт-дәстүрімізде жұма күні жеті шелпек пісіру және тарату деген бар. Бұл турасында ислам діні, құран және хадистер не дейді?

«Әли Имран» сүресінің 92-аятында «Сүйген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар. Не берсеңдер де Алла (Т.) оны толық біледі», – делінген. Ади ибн Хатимнен (р.а.) жеткен риуаят бойынша пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Жарты құрма болса да беріп оттан сақтаныңдар» — дейді. Міне, осы хадисті түсінген ата-бабамыз құрма болмаса да, шелпек пісіріп садақа берген. Енді оның санына келетін болсақ, неге жеті шелпек, неге үш немесе төрт шелпек емес? Бұл қазақ халқының жеті санын қастерлеп, қасиетті ұғымға балағандығынан деуге болады. Қазақ дәстүрі бойынша ата-бабамыз қасиетті санаған жеті саны ислам дінінде де ерекше сандарға жатады. Құрандағы жеті қабат жер, жеті қабат аспан жаратылысы, аптада жеті күннің болуы, «Фатиха» сүресінің жеті аяттан тұратындығы осыған дәлел. Сондықтан ғалымдардың өзі жеті санында бір хикметтің бар екендігін айтады. Ал жеті шелпектің жұма күні таратылуы – аптаның ең қасиетті күні жұма болып саналатындығымен түсіндіріледі. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахих хадисінде «Жұма күнінде бір уақыт бар, мұсылман адам сол күні, сол уақытта дұға жасаса, оның дұғасы міндетті түрде қабыл болады», – делінген.
Өмірлік тәжірибесі сан ғасырлық салт-дәстүрімен сабақтасқан дана халқымыздың берер садақасын, яғни жеті шелпекті тілектер қабыл болар уақытқа тура келсін деген ізгі ниетпен жұма күні немесе жұма күнге ауған бейсенбі күні түстен кейін беретіндігі осыдан қалған. Ата дінімізде, шариғат бойынша мұның еш сөкеттігі жоқ. Керісінше, теріс діни ағымның жетегінде кетіп, санасы қараңғыланған кейбір жандардың жұма күні жеті шелпек пісіріп, ата-бабаға Құран бағыштау дұрыс емес, күнә деп санайтындықтары діни сауатсыздықты білдіреді.
Сондықтан дала философтары саналатын дана халықтың кез-келген салт-дәстүрінің негізінде дінімізге де, ділімізге де қайшы келетін тұстары жоқ деп сеніммен айта аламыз. Ал адасып жүрген жамағат хадис, аят, қасиетті сандар турасында білімге бет бұрғаны лазым.
Бекжан ІЛИЯСОВ,
Исламтанушы.

Басқа жаңалықтар