ӘлеуметБасты тақырып

Елбасы – ел тұтқасы

Осындай тақырыппен өткен жұмада аудан орталығында Тұңғыш Президент күніне орай таңертеңнен тойланған іс-шаралардың жалғасы түстен кейін аудандық мәдениет үйінде салтанатты шарамен ұштасты. Аудан қонақтары мен аудан жұртшылығы айтулы мерекенің салтанатты шарасынан бұрын мәдениет үйінінің Елбасымыздың саяси қызметі жөніндегі әртүрлі кітаптар мен бейнероликтерден жасақталған көрмені тамашалады. Ал, салтанатты шараның шымылдығы әнұранмен ашылды. Аудан жұртшылығын тұңғыш Президент күнімен құттықтаған аудан әкімі Дастан Жарылғасынұлы алдымен бүгінгі күнде бейбітшілік пен тату-тәтті күн кешіп жатқанымыз көреген көшбасшымыздың сарабдал саясаты мен сара жолы екендігін ашық жеткізді. Әрі қарай Елбасының жолдаулары мен ел үшін атқарған маңызды істеріне тоқтала отырып, «Енді біз жалпы қазақстандықтар еліміздің даму жолында бірлесіп, қалтқысыз қызмет ету керек» — деп ойын түйіндеді. Одан кейін ауданымыздың даму жолында аяусыз тер төгіп жүрген әр саланың қызметкерлерін арнайы марапаттады. Келесі ретте сөз кезегін алған Ақтөбе облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұртас Сейітов аудан жұртшылығын айтулы мерекемен құттықтап, Ойыл қазақ орта мектебінің директоры Маржан Жонысоваға Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 21 қарашадағы №792 Жарлығымен «Астанаға 20 жыл» мерекелік медалін тақты. Салтанатты шараның соңы аудан өнерпаздарының тарту еткен концерттік бағдарламасына ұласты. Әрдайым мерекелік шараларды қыздырып, әсем әнмен әрлеп жүрген аудан өнерпаздары бұл жолы да нағыз қазақылықтың исі аңқитын қара домбырамен күй мен жырдан шашу шашты.

М.ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.
 

Басқа жаңалықтар