ӘлеуметБасты тақырып

Билер кеңесі құрылды

Осыдан бірнеше ғасырға көз жүгіртіп қарасақ, Керей, Жәнібек хандардың тұсында желмая мініп жерұйықты іздеген Асанқайғы бабамыз «Ойылда кеңес құрмадың, Ойылдан елді көшірдің» - деп жырлаған. Әйтсе де бұл көшпелі халықтың, жаугершілік заманның айшықты көрінісі болса керек. Аты алашқа әйгілі жыраудың жанды жырлары әр ғасырда жаңғырып, Ойылдың тарихынан өшпестей үн қатып тұр. Қазір еліміз азаттығын алып, іргесін бекітіп, дербес мемлекет болғалы қазақтың әр қариясы өзі туған жерінде қоғамдағы өзекті мәселені шешуде күн сайын кеңес құрып жүр. Тентегін тезге салып, қояншығын қойдан момын етуге қазақ ақсақалдарының қаһары қашанда басым.

Мінекей осы орайда аптаның әр сәрсенбісінде жиналып, кеңес құратын ардагерлер кеше Ойыл аудандық орталықтандырылған кітапханада бас қосты. Онда аудан әкімінің орынбасары Асқар Қазыбаев қоғам өміріне белсене араласып жүрген ардагерлермен ауданның тыныс-тіршілігіне байланысты жан-жақты әңгіме өрбітсе, аудандық соттың төрайымы Сәуле Танимова «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жеке тұлғалардың арасындағы сотқа дейінгі дау-дамайларды шешу мақсатында «Билер» кеңесін құруға ұсыныс жасады. Аталған ұсыныс қабыл алған ардагерлер өзара ақылдасып, сөздің құдіретімен түйінді ой толғап, екі тарапты ортақ ымыраға келтіріп, қоғамдағы түйіткілді мәселені шеше алады деген ауызы дуалы ақсақалдарды «Билер» кеңесінің мүшесі етіп сайлады. «Билер» кеңесінің төрағасы әр сөзі өнегелі, аудан жұртшылығына жақсы таныс Өтеген Сағатов болды. Сонымен бірге Тілеген Алданаев бастаған ардагерлеріміз алдағы уақытта атқаратын жұмыстарға ой-пікірлерін қосты. «Билер» кеңесінің құрамы бес ақсақалдан тұрады. Егер отбасында, өміріңізде ойыңызды мазалап жүрген түйткілді проблеманы шешуде ақыл, кеңес болған жағдайда айтулы кеңестің көмегіне жүгінуге болады. Сонымен бірге көршіңмен немесе ағайын-туысқандарыңмен түсінбеушілік болған жағдайда айқай, шу шығарып, қырық пышақ болып, соттасудың түк те қажеті жоқ. Өйткені енді Ойылда «Билер» кеңесі жұмыс жасайды. Ашудың дұшпан, ақылдың дос екенін де сүбелі сөздерімен санаңа сіңіретін осы жандар.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар