ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

ШӨП ТҮСІРДІҢ БЕ?

БҰЛ БҮГІНГІ КҮНІ ҮЛКЕНДЕРДІҢ БАСЫ ҚОСЫЛҒАНДА ҚОЙЫЛАТЫН БІРІНШІ СҰРАҚ. БІРАҚ, БӘРІ ДЕ ШӨПТІ САПАЛЫ УАҚЫТТА АЛУ КЕРЕКТІГІН БІЛСЕ ДЕ, ОСЫ ШАРУАНЫ ЕКІНШІ ОРЫНҒА ЫСЫРЫП ҚОЯ БЕРЕДІ. «ҚЫСТЫҢ ҚАМЫН ЖАЗ ОЙЛА» ДЕМЕКШІ, ТӨРТ ТҮЛІКТІҢ БАБЫН ТАУЫП, ҚАҚАҒАН ҚЫСТАН АМАН ӨТКІЗУ ҮШІН ОСЫ БАСТАН ЖЕМ-ШӨПТІ ЖЕТЕРЛІКТЕЙ ДАЙЫНДАУ КЕРЕК ЕКЕНІ БӘРІМІЗГЕ БЕЛГІЛІ. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, СОНЫҢ ІШІНДЕ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫМЕН АЙНАЛЫСАТЫН ОЙЫЛ АУДАНЫНДА ҚЫСТЫҚ МАЛ АЗЫҒЫН ДАЙЫНДАУДЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ КҮН ӨТКЕН САЙЫН АРТУДА. МАЛ АЗЫҒЫ – ЕРТЕҢГІ ЕЛ АЗЫҒЫ БОЛҒАНДЫҚТАН, ОНЫҢ БҮГІНГІ ЖАЙЫ ҚАНДАЙ? ӨЙТКЕНІ, ЕНДІ АПТАДАН СОҢ, КҮЗДІҢ АЛҒАШҚЫ АЙЫ БАСТАЛАДЫ. ҚЫСТА ҚИНАЛМАС ҮШІН ҚАНДАЙ ДАЙЫНДЫҚ ШАРАЛАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ?

— Негізгі бағыты ата кәсіп болғандықтан, қазір Ойыл ауданында қысқы мал азығын дайындау науқаны қызу жүріп жатыр. Кәсібінің шырайын енгізіп, адал малының амандығын тілеген шаруалардың көбісі қазірдің өзінде қажетті қорын жасақтап үлгерді. Ендігі басты міндет болып отырғаны — жеке тұрғындардың мал азығымен қамтылуы. Бүгінгі күнге дейін аудан аумағында 151,8 мың тонна шөп дайындалған. Бұл толық қажеттіліктің 70 пайызын құрайды.
Барлық тасымалданғаны 115,7 мың тонна, орындалуы 76,2%, оның ішінде қыстақтарға 67,5 мың/тонна, тұрғындарға 48,2 мың/ тонна ғана тасымалданды. Ауданда мал азығы қажет 2110 аула болса, бүгінгі күнге 773 аулаға ғана шөп түскен. Бұл 36,6 % пайыз. 773 ауланың да барлығы бірдей толық қамтылған жоқ. Шөптің тасылуында кідіріс жоқ. Тек тұрғындар шөп алуға асығар емес.Қыстан қысылмай шығу үшін аудан бойынша 215,1 мың тонна шөп дайындау қажет. Шөптің негізгі көлемі табиғи шабындықтарда дайындалады. Қалыптасқан климаттық жағдайды ескере отырып, алдағы қыстау кезеңінде мал басы жеткілікті мөлшерде жем-шөппен қамтамасыз етіледі деп айтуға болады. Мал азығын дайындап жатқан шаруа қожалық басшылары шөп жеткілікті, қажетті мөлшерде жергілікті тұрғындарды қамтамасыз етеміз деп отыр. Сонымен қатар, биылғы жылы берілген жоспарға сәйкес мал азығы дақылдары бойынша 2300,0 га оның ішінде 1750,0 га көпжылдық, 550,0 га бір жылдық екпе шөп егілді. Бүгінгі таңда «Тәжібай-Агро» ЖШС, «Еңсеген» АӨК, «Көбек», «Орынша» және «Ақорын» шаруа қожалықтарында егілген екпе шөптерді орып, жинау жұмыстары жүруде, шөптің шығымы әр гектарынан орташа есеппен 12-15 центнерді құрап отыр, — дейді аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Абат Мүбараков.
С.ХАМЗИН,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар