ӘлеуметБасты тақырып

«Жастар жылы» баянды болашақтың баспалдағы

Осыдан тура бір апта бұрын мемлекет басшысы әр аймақтан белсенді жастарды Елорданың төріне жинап, атаулы жылдың ашылуымен құттықтап, бұл жылдың келешек ұрпақ үшін маңызы зор екенін атап өткен еді. Осы орайда Астанадан бастау алған шараның жалғасы кеше аудан әкімі Дастан Сағыровтың «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы мәдениет және демалыс орталығында аудандағы дарынды оқушылармен және жалынды жастармен кездесуімен ұштасты.

Біздің ауданымыздағы білім саласы бойынша көрсеткіш деңгейі жоғары. Атап айтар болсақ, ауданымыз облыста білім сапасы бойынша 55% көрсеткіш көрсетсе, облыс бойынша дарынды оқушыларымыздың жетістіктері алдыңғы үштіктен орын алады. Тарқатып айтсақ, республикалық ғылыми жобалар бойынша 58 оқушы қатысып, 18 оқушы бірінші орынмен, 20 оқушы екінші орынмен, 8 оқушы үшінші орынмен марапатталған. Жалпы интеллектуалды ойын-сайыстарда аудан бойынша 1295 оқушының 475-і жүлделі орыннан көрінді.
«Жастар жылы» аясында аудандық білім бөлімінің ұйықты болуымен өткен «Менің елімнің болашағы – менің қолымда» атты шараға ауданның барлық мектептерінен өнерпаз оқушылар мен жас спортшылар және жас ғалымдар қатысты. Онда алғаш болып сөз алған аудан әкімі Дастан Жарылқасынұлы еліміздің болашағы бүгінгі жастардың қолында екендігін жеткізе отырып, барша оқушыларды бірінші кезекте білім алу керектігін баса айтты. Одан кейін тәртіпті түзеу арқылы еліміздің абыройлы азаматы болуға үндеп, жаппай оқуға шақырды. Сонымен бірге облыстық, республикалық байқауларда топ жарып, жоғары нәтиже көрсетіп жүрген дарынды жастарды арнайы алғыс хаттарымен марапаттады. Жалпы біздің ауданда озат оқушылар мен өнерлі оқушылардың қатары көбейіп келеді. Уақыт көшімен ілгері ілескен бүгінгі буынның білімге деген бетбұрысы түзу, болашаққа қадамы нық. Олай дейтін себебіміз, үш тілдік жүйесінде жақсы меңгеру үстінде. Оған бүгінгі шараның өзі нақты дәлел. Сондай-ақ, мәдениет, спорт салаларынан да жетістік мол. Ақтөбе, Алматы, Астана, Тараз, Шымкент, Атырау қалаларында өткен «Лаула», «Жұлдызай», «Зимняя сказка в Алматы» сайыстарында жүлделі орындардан көрініп жүр. Бүгінде жастар қозғалысының көрнекті ойындарының бірі «Жайдарман» ойындары. Тапқырлық пен сөз шеберлігін, өнер мен ізденісті қажет ететін өнерін түрінен біздің де жастарымыз кенде еместігін шара барысында көрсете білді. Әзілмен астарлап сөйлеген оқушыларымыз еріксіз шапалақ пен бірге жиылғандарды ду күлкіге қарық қылды. Ал, спорт мектебінің жас каратэшы оқушылары аталған спорт түрінің іс-қимылдары арқылы баршамызды тәнті етті.  Сонымен бірге кездесуге жиналған дарынды оқушыларымыз аудан әкіміне ғылыми жобаларын таныстырып, өз ұсыныстарын жеткізді. Жас ғалым М.Нұрқасова мен Ә.Есенов үйеңкі шырынының биологиялық және экономикалық маңызы жөнінде жобаларымен бөлісіп, үйеңкі орманын көбейту арқылы еліміздегі табиғи таза өнімді өндіру жұмыстарын жандандыруға ұсыныстарын білдірсе, Ойыл қазақ орта мектебінің оқушысы Олжас Жәрдемов «Түйе шаруашылығын дамытудағы жаңашылдық» бойынша өзінің ғылыми жобасымен таныстырды. Шара соңында бірқатар оқушалырымыз аудан әкімінің балалық шағынан сыр тартып, өздерінің туған жерлерін көркейту жолындағы игі тілектерімен бірге ұтымды ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
P.S.
Менде бүгінгі күннің жалынды жасы ретінде бір шараның өзінен қазіргі қоғамда бастамашылдық, шығармашылық және еңбекқорлық рухын көтеру керек деген ой түйдім.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар