ӘлеуметБасты тақырып

Қазақ әскерінің келешегі

7 мамыр күні Ойыл балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің алаңында Отан қорғаушылар күніне орай мерекелік шара өтті. Әрине, бұл күн еліміз үшін маңызы бөлек, айтулы мереке. Яғни, еліміздің қорғаныс қабілетінің кемелденгенін білдіретін мереке.

Ал, бұл күннің тарихына көз жүгіртер болсақ, 1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақ КСР-нің мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. Кейін республиканың қорғаныс мәселелерін толық түрде жеке шешуге көшуіне байланысты қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. 1992 жылдың 7 мамырында тәуелсіз елдің заңдық құқықтарының негіздеріне және тәуелсіз мемлекеттер достығына қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткен келісімдерге байланысты ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығы шықты. Бұл Жарлық бойынша, Қазақстан аумағына орналасқан Қарулы Күштер  өздерінің мүліктерімен қоса, республиканың қарауына өтті. Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде Қарулы Күштерді басқаруды Президент өз мойнына алды. Елбасынан басқа қорғаныс ісімен тікелей шұғылданатын алғашқы Қорғаныс министрі болып генерал-полковник С.Нұрмағанбетов тағайындалды. Бұл күн Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылған күні болып құрылғандықтан «7 мамыр Отан қорғаушылар күні» деп жарияланды. Аталған жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен үш жүйелі штаб — жаяу әскерлер, әуе қорғанысы күштері мен әскери-теңіз күштерінің бас штабтары бекітілді. Аэроұтқыр күштерге Жоғарғы Бас қолбасшының резерві құзыры берілді. 2001 жылдан Қазақстан 4 әскери — Орталық, Оңтүстік, Батыс және Шығыс округке бөлінді. Бүгінгі күні Қазақстан өз азаматтарының әскери қызмет атқаруының жағдайы мен тәртібін дербес анықтайды, өз аумағында әскерлердің, қару–жарақтың және техниканың орналасу мәселесін шешеді. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне жалпы мақсаттағы күштер, әуе-қорғаныс күштері, мемлекеттік шекараны қорғау күштері және де ұлттық гвардия мен ішкі әскерлер кіреді. Өз кезегіне қарай, қарулы күштер түрлі бөлімдерден және әр түрлі құрамалар мен арнайы әскерлерден тұрады. Бүгінде ұлттық әскер күштері азаматтардың еңсесін тіктеп, еркіндігін кеңейтіп, аянбай еңбек етуде. Әскеріміз жаңарып, оның күш-қуаты жылдан жылға нығаюда. Бұл күн — қайсар мінезді ата-бабамыздың жауынгерлік дәстүрінің заңды жалғасын тапқан күні. Дәстүр бойынша, Отан қорғаушылар күнінде Қазақстан Республикасының Президенті кезекті әскери атақтар тағайындап, көзге түскен әскери қызметкерлерді марапаттайды. Мереке күні құттықтау рәсімдері өткізіледі.

Ал, ауданда өткен шараға тоқталсақ, мереке Ойыл аграрлық колледжі мен аудан орталығындағы мектептердің жоғары класс оқушыларының әскери ұрыс қимылдарының әдіс-тәсілдерін көрсетумен басталды. Сонымен қатар, Калашников автоматын шашып, жинауда шапшаңдық көрсеткен оқушылар ел тыныштығын күзетуге дайындықтарын дәлелдеді. Ал, аудан әкімі жұртшылықты мерекемен құттықтап, аудандық қорғаныс істері бөлімі бастығының орынбасары Мейрамбек Дұрысинге Рақымжан Қошқарбаев атындағы арнаулы төс белгіні табыстаса, аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілі Асқар Рахметуллинге қоғамдық тәртіпті сақтаудағы қызметі үшін, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкері Азамат Тарыбайға аудандағы төтенше жағдайлардың алдын-алу мен салдарын жоюдағы абыройлы қызметі үшін, аудандық қорғаныс істері бөлімінің қызметкері Руслан Доспамбетовке жұмылдыру қызметіндегі жемісті еңбегі үшін және Чернобыль апатын жоюға қатысқан Бақыт Мұқамбетқалиевтарға өзінің алғыс хатын табыстады. Ал, кеше ғана Отан алдындағы борышын өтеп келген Сұлтан Мұхамбетқали өз лебізін бүгінгі әскердің айбыны мен әлеуеті туралы шынайы мысалдармен ұштастырды. Мереке соңы аудан көркемөнерпаздарының концертіне ұласты.

Р.S
Ал, мереке Ойыл балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің залында 7 мамыр — Отан қорғашылар күніне орай Қ.Қарабалиев пен Жаңыл Зұлқарнайқызын еске алуға арналған волейболдан ересектер мен қыздар арасындағы аймақтық ашық турнирмен жалғасты.

Басқа жаңалықтар