Басты тақырыпМәдениет

БІЗДІҢ АЗАМАТТЫҢ БЕЛЕСІ

Киелі Көкжар топырағынан көптеген ұлы тұлғалар шықты. Оған мына зырғып аққан сан жылдар куә тәрізді. Алдыңғы буын ағаларымыздың ізін, бүгінгі жас толқын нық басып келеді. Спорттан да, білім-ғылымнан да Ойыл жастарының жұлдызы жарқырап тұр. Солардың бірі де, бірегейі, қазақ әдебиетінен орын алуға талпынып келе жатқан бүгінгі біздің кейіпкеріміз, жас ақын, тәулік бойы ақпарат тарататын «Хабар24» телеарнасының қорытынды жаңалықтар жүргізушісі Азамат Әбілхайыр. Бала күнінен-ақ қара өлеңнің жалына жабысып, өзін әбден шыңдады. Талай додаларға түсіп, топ жарды. Біздің газетімізге 5 сынып оқып жүрген кезінен алғашқы өлеңдері жариялана бастаған. Азамат жуырда жазушы, этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбектің 80 жылдық мерейтойына орай Жаңаарқа өңірінде өткен жыр мүшәйрасының бас жүлдесін жеңіп алды. 80-ге тарта ақынның ішінен оның шығарған өлеңі үздік танылды. Сонымен қатар, Ұлытау облысы, Жезқазған қаласында өткен «Жыр арқауы – Алаша хан, Жошы хан» атты республикалық жазба ақындар мүшәйрасында жүлделі бірінші орынға ие болды.Қазір балалар әдебиетіне қалам тербеп жүрген жандар өте сирек. Осы орайда балалар әдебиетін дамыту, қазақстандық балалар әдебиеті жазушыларына қолдау көрсету мақсатында «Алтын сақа» балалар әдебиеті шығармаларының республикалық байқауында ертегі жазудан бас жүлде иегері атанды. Бір жылда үш бірдей республикалық байқаудың жеңімпазы атану — оның өлеңге, қазақ әдебиетіне деген құлшынысы мен ізденісінің жарқын көрінісі.Жарайсың Азамат! Көкжар жұртының мақтан етер ұлы болып, маңдайың жарқырап бағындырар белестерің көп болсын!

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар