Басты тақырыпБілім
Соңғы қоңырау соғылған күн
Өткен сенбіде еліміздің барлық мектептерінде соңғы қоңырау соғылды. Биылғы оқу жылының соңғы күміс қоңырауы Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп гимназиясында да сыңғырлады. Жыл сайын тарыдай болып кірген шәкірттерін таудай етіп шығарып салатын алтын ұя биыл да үлкен өмірге түлектерін ұшырды. Сонымен бірге оқушылардың бір жыл бойғы білім белсенділіктері сарапқа салынып, мұғалімдердің еңбектері, оқу саласына қосқан үлестері қорытыланды.
Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп гимназиясының директоры Роза Сәуірбайқызы мектептің үздік ұстаздары мен үздік оқушыларын марапаттаса, аудан әкімі Дастан Жарылқасынұлы барша мектеп бітіруші түлектерге сәт сапар тілеп, жоғары оқу орындарында үздік оқып, ауданның абыройлы азаматы болуға және елге адал қызмет етуге шақырды. Сонымен бірге айтулы мектептің соңғы қоңырау салтанатына арнайы қатысқан Ойыл аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Марал Еркінова тіл мамандарына арнайы алғысын білдірсе, «Nur Otan» партиясы Ойыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркін Жиеналин де бірқатар мектеп қызметкерлеріне алғыс хаттарын табыстады. Оған қоса аудандық білім бөлімі мен облыстық білім басқармасы білім саласына шексіз үлес қосқан ұстаздарды арнайы марапаттан тыс қалдырмады. Әрі қарай жалғасақ, «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы орталық саябақта өткен Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп гимназиясының соңғы қоңырау салтанатты шарасы түлектердің 11 жыл білім нәрімен сусындатқан ұстаздарына тартуымен жалғасты. Бірі алғаш ұстаздарына гүл шоқтарын ұсынса, бірі өлең жолдарын арнады. Алтын ұя мектебімен қимастықпен қоштасқан түлектер ата-аналар мен ұстаздарының зор сенімін ақтауға серт етті. Айта кетсек, айтулы білім ошағының бір жылғы қорытындысы бойынша Н.Жұмабекова «Үздік класс жетекші», Айзат Едігеева «Үздік оқушы», Лаура Ембергенқызы «Лучшие ученик», Е.Сырлыбаев «Үздік жас маман», А.Сайлауова «Үздік цикл жетекшісі», Е.Д.Браташова «Самый классный классный», Т.Жанпейсова «Үздік мұғалім» атанды.
М.ӘДІЛБАЙҰЛЫ.