Денсаулық

Кәсібіңе басымды ием!»

Қашанда кәсіби мерекелерін әртүрлі ізгілікті істермен қарсы алатын аудандық аурухана ұжымы бұл жолы «Кәсібіңе басымды ием!» атты мәдени шараға мұрындық болды. Аудандық спорт мектебі алаңында өткен кеште медицина қызметкерлеріне өнердің қай-қайсысы да жат емес екеніне куә болдық. Кеш шымылдығы флешмобпен ашқан ақ халаттыларды аудан әкімі Дастан Сағыров құттықтап, үздіктерді арнаулы сыйлықтармен марапаттады. «Халық мақтанышы» төсбелгісін Ойыл аудандық ауруханасының жалпы тәжирбелі дәрігері Алия Баймағамбет пен Көптоғай дәрігерлік амбулаториясяның жалпы тәжирбелі дәрігері София Сағиевалардың кеудесіне тақса, Ойыл аудандық аурухана статистика кабинетінің мейірбикесі Зияш Рамазанова, Ойыл аудандық емхана жалпы тәжирбелі кабинетінің мейірбикесі Гүлмира Тойлыбаева мен Қараой дәрігерлік амбулаториясының мейірбикесі Айгүл Даулетоваларға «Мейірім» төсбелгісін табыстады. Одан кейін бір топ медицина саласының қызметкерін өз алғыс хатымен марапаттады.
2016 жылы Ойыл ауруханасында Еңбек Қызыл ту орденінің иегері, «Қазақ ҚСР-ның еңбек сіңірген дәрігері» , Денсаулық сақтау ісінің  үздігі, Ойыл аудандық кеңесінің депутаты, ардақты Ана, білгір дәрігер Зібира Ағзамова Бекпанқызына арналған ғылыми конференция ұйымдастырылып, аурухана ғимаратына облыстық деңгейде мемориалды тақтайша орнатылған еді. Ал, осыдан екі жыл бұрын Ағзамовтар отбасы Медицина қызметкерлері күні қарсаңында, «Ағзамова Зібира Бекпанқызының» құрметіне орай отбасының атынан сыйақы тағайындалған болатын. Өзі де белгілі дәрігер жерлесіміз Нұрлан Ағзамов осы мереке үстінде отбасының атынан дәрігер Манат Нұртанова мен фелдьшер Гүлсара Мусинаға арнаулы сыйақыларын табыстады. Ал, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Сәндібек
Нұрбаев та медицина саласының әртүрлі буынында еңбек ететін бірнеше қызметкерге салалық кәсіподақтың арнаулы сыйлықтарын тапсырып, өз атынын алғыс хаттарын тапсырды. Сонымен қатар, бас дәрігер ән-бимен алмасқан марапатты сәтте аудандық орталық ауруханасының дәрігер-эпидемиологы Гаухар Самалбекқызының «Жастар Сенім мен Серпін» республикалық жастар форумына қатысып баспанаға мұқтаж жас мамандарға әлеуметтік көмек ретінде бір миллион теңге тұрғын үй сертификатына ие болғаны және бірнеше дәрігердің Денсаулық сақтау министрлігінің және Ақтөбе облысы әкімінің сыйлығына ие болғандығын қуанышпен хабарлап, мереке қарсаңында өткен спорттық жарыстардың жеңімпаздарына лайықты жүлделерін табыстады. Ал, мерекелік шара барысында ауданның денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, дүниеден өткен әріптестерін еске алуы «Кәсібіңе бес ием!» — деген мерекенің атауымен үндесті.

Басқа жаңалықтар