ДӘСТҮРДІ ДӘРІПТЕГЕН-СЫЙ МЕН СЫБАҒА
Наурыздың 21-і болса да, күннің ызғары қайтар емес. Ауа райы салқын. Дегенмен, орталық саябақта нағыз мерекелік атмосфера сезіліп тұрды. Халықтың көтеріңкі көңіл күйі суықты да жеңгендей. Аудан халқы Ұлыстың ұлы күнін бір отбасының баласындай қарсы алып, ерекше шат-шадыман күй кешуде. Саябақта ақ шаңқан киіз үйлер бой көтеріп, қазақы дәстүрге сай мерекелік дастарқан жайылды.

Алаңға тігілген киіз үйлердің бірінде ұлттық тағамдардан дастарқан жайылса, екіншісінде аудан шеберлерінің қолөнер бұйымдары қойылған көрме ұйымдастырылды. Тұрғындар бүгінгі күнге орай қазақы нақышта киініп, ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеді. Мерекеге келгендер тігілген киіз үйлерді аралап, наурыз көжеден дәм татып, қымыз бен бауырсақтан ауыз тиді.
Мерекелік шара театрландырылған көрініспен басталды. Көшті Қыдыр ата бастап, ұлттық нақыштағы ақсақалдар мен кимешек киген әжелер, салтанатты түрде ән айтып, халықтың назарын өздеріне аударды. Дәстүр бойынша жас келіндер бауырсақ пен айран таратып, мерекелік көңіл күй сыйлады. Наурыз мейрамында береке мен молшылықтың символы саналатын тайқазан алаңның көрнекті жерінде көз тартып тұр. Ол мерекенің рухын айшықтайтын, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің бір көрінісі ретінде танылған символ іспетті. Ол тек тағам әзірлейтін құрал ғана емес, сонымен бірге бірлік пен татулықтың, ортақ дастарқан басындағы ырыс пен ынтымақтың белгісі. Сол себепті, биылғы Наурыз мерекесінде тайқазан ас дайындау үшін емес, ұлттық мұра ретінде насихатталды.
Мерекеде сөз алған аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы жиналған жұртшылықты Наурыз мейрамымен құттықтап, бұл мерекенің халқымыздың сан ғасырлық мәдениеті мен рухани құндылықтарын ұлықтайтын ерекше күн екенін атап өтті.
— «Наурыз – жаңа өмірдің, жаңарудың, татулық пен бірліктің символы. Бүгінгі мереке баршаңызға құт-береке әкелсін, ынтымақ пен ырысымыз арта берсін!» – деді аудан басшысы. Сөзінің соңында аудан тұрғындарына алғысын білдіріп, мерекені жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан мекемелер мен көше тұрғындарын марапаттады.
Мереке одан әрі ән мен күйге ұласты. Жергілікті өнерпаздар халық әндерін орындап, мың бұралған бишілер сахнаны көркемдесе, күйшілер күмбірлеткен домбыра сазымен мерекенің шырайын кіргізді.
Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды қолдау мақсатында облыс әкімі Асхат Шахаровтың тапсырмасы негізінде ауданымызға өнер сапарымен келген Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы «Дауыс» әншілер ұжымының солистері Нұрлан Әбдібеков пен Айбар Санбаев жиналған жұртшылыққа халық әндерін нақышына келтіріп орындап берді.
Саябақта ғана емес, гимназия спорт залында да қызу тартыс жүріп жатты. Қазақ күресі, ләңгі тебу, асық ату, қол күресі сияқты ұлттық ойындар мерекенің ажырамас бөлігіне айналды. Әсіресе, қазақ күресі көпшіліктің қызығушылығын тудырып, күш сынасқан жігіттер көрерменнің ерекше қошеметіне бөленді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен ақшалай сертификаттар табысталды. Биылғы Наурыз мейрамы бұрынғыдан да ауқымды деңгейде ұйымдастырылды. Қазақстанда Наурыз мейрамы 14-23 наурыз аралығында он күн бойы атап өтілді. Бұл онкүндік «Наурызнама» деп аталып, әр күні белгілі бір тақырыпқа арналды:
14 наурыз – Көрісу күні: Адамдар бір-бірімен көрісіп, амандық-саулық тілесті.
15 наурыз – Қайырымдылық күні: Мұқтаж жандарға көмек көрсетілді.
16 наурыз – Ұлттық дәстүрлер күні: Қазақтың салт-дәстүрлері жаңғыртылды.
17 наурыз – Отбасы күні: Отбасылық құндылықтарды насихаттауға арналған іс-шаралар өтті.
18 наурыз – Ұлттық киім күні: Аудан тұрғындары қазақтың ұлттық киімдерін киіп, дәстүрлі сән үлгілерін көрсетті.
19 наурыз – Жаңару күні: Ағаш отырғызу, сенбіліктер ұйымдастырылды.
20 наурыз – Ұлттық спорт күні: Қазақтың ұлттық спорт түрлері дәріптелді.
21 наурыз – Ынтымақ күні: Татулық пен достықты нығайтуға бағытталған шаралар өтті.
22 наурыз – Жыл басы.