ӘлеуметБасты тақырып

Сағым – сағыныш…

Талай таланттардың от жүрегінен орын тепкен Ойыл өңірі – менің туған жерім! Кіндік қаным тамған бұл аймақ – талай сырды қойнына бүгіп жатқан тарихи тұма іспетті. 

«Кіші Жібек жолы» жүріп өтіп, кезінде «Көкжар» атанған тарихи өлке Ойыл селосының өзі – биік қырдың үстіне орналасқан. Ауылымызды мөлдіреп қана «Ойыл» өзені орап ағады. Биіктен қарасаңыз, қол созым жерде орналасқан «Екпетал» ауылы – сұлулығымен арбап, өзіне еріксіз шақырғандай! Жапырықтары бұйралана төгіліп, желмен жарыса тербеліп, заңғар көкке шаншыла өскен қайыңдары алыстан «мен мұндалап» көз тартады. «Аты – затын таңбалап тұрған» «Екпеталдың» құшағы – дәмі татқан таңдайдан кетпейтін қара бүлдірген, хош иісті алма баққа тұнған өлке.
Екпеталмен қапталдаса, дархан даламыздың бір қойнауында «Барқын» құмы жатыр. Табиғи көркі жағынан «Жер жұмағына» пара-пар Барқын табиғи орманды алқабы – біздің өңіріміздің мақтанына айналған ерекше өңір.
«Барқын» мен «Екпетал» – үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарап, жұдырықтай жүректері имандылыққа тұнған ойылдықтарға АЛЛАНЫҢ берген сыйындай! Бұл бір – тұңғиық тылсымға толы сұлу əлем.
Жұтқан ауасы көкіректі тазалыққа тұндырған Барқынның құмы — емдік қасиетке ие, тап-таза, аппақ құм. Жерге шанши салған шыбықтың өзін қасиетті дала – cәттің ішінде бойжеткен ерке қайың мен оның қосағы нар қарағайға айналдырып жібергендей әсерден айыға алмайсыз!
Барқыннан ең таза су шығады, аудан орталығының халқы осы таза суды пайдаланып отыр. Судың дəмділігінде шек жоқ, еш қоспасыз, химикатсыз-ақ жуылған шашыңызды жібектей етеді.
Туған жердің түтіні де ыстық қой! Сағымға айналар сағыныштай туған жерім Ойылымның тау-тасы, мөлдіреп аққан өзені мен аққулы көлі – бауырынан түлеп ұшқан барша жанды қай уақытта да өзіне тәнті етіп, тағзым тұтқызатын қасиетінен жаңылған емес.
Жасай бер, менің елім, туған жерім!

Әлия ҰЛЫҚПАНОВА,
Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар