Білім

Алғашқы қоңырау сыңғыры ақ тілекке ұласты

Биыл 1-ші қыркүйек білім күні аптаның жексенбісімен қатар келгенімен алтын ұя мектебіне жан-жақтан ағылып, асыға жеткен оқушылардың қарасы көп болды. Жылма-жыл балғындарымызды білім нәрімен сусындатып, түлектерін қияға ұшырған Ойылдағы үш мектеп те биылғы оқу жылына тас түйін дайын екендерін көрсетті. Таңертемен алғашқы қоңыраудың үні сыңғырлап, жаңа мектеп табалдырығын аттаған бөбектерімізге сәт сапар тілектері айтылды. Осындай алғашқы қоңыраудың айғақты жарқын көрінісі Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінде өтті. Мұнда да ата-аналар ізгі тілектерін білдіріп, әр сыныптағы оқушылар ұстаздарымен сағына қауышты. Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің директоры Маржан Жонысова биылғы оқу жылына мектептің толықтай дайын екендігін және жаңа оқу жылына даярлық тобына қабылданған 53 оқушыдан бөлек 444 оқушымен бастағалы отырғандығын жеткізді. Айтулы мектептегі алғашқы қоңыраудың ашылу салтанатына куә болған аудан әкімінің орынбасары Асылан Кенжебаев барлық оқушыларға оқуда озат болуға шақырса, аудандық білім, спорт және дене шынықтыру бөлімінің мамандары аудандағы білім саласы туралы қысқаша мәліметтер берді. 2019-2020 жаңа оқу жылын біздің аудандағы 23 білім беру ұйымы 3300-ге жуық оқушымен бастап отыр. 1-ші класқа 360 оқушы қабылданған.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар