Мәдениет
Ауданға 60 әннің авторы Елена Әбдіхалықова келді
Көкжар топырағының киелі екені тарихтан белгілі. Асанқайғының желмаясын шөктірген жер. Сонау сан ғасырлардан бері жәрмеңкенің қызған ордасы. Түйір құмына дейін тарихтан сыр шертетін Ойыл өңіріне кімдер келіп, кімдер кетпеді десеңізші? Оның айғақты көрінісі талай-талай өнер адамдары өнерлі ордаға арнайы ат басын бұрып, өзіндік қолтаңбаларын қалдырып келеді.
Әрісін қозғамағанда күні кеше ғана ауданымызға елімізге танымал әнші, композитор ақын Елена Әбдіхалықова арнайы келді. Елімізде ғана емес Түркия, Монғолия, Өзбекстан, Қырғыстан, Ресейде өнерін көрсетіп жүрген Елена Мәжитқызының 60-қа тарта әндерін Мәдина Ералиева, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Майра Ілиясова, Рамазан Стамғазиев, Тамара Асар, Жұбаныш Жексенұлы секілді белгілі әншілер орындап ғана қоймай халықтың сүйіп тыңдайтын әндеріне айналдырды. Есімізге түсірсек, Мұқағали Мақатаев сынды шоқтығы биік ақындардың «Есіңе мені алғайсың», «Көздеріңе ғашықпын», «Аманат», «Қазақ елі», «Қош дерсің», «Доспен қоштасу» әндерінің авторы. Осындай өнерде өзіндік дара жолы бар өнер иесінің Ойылға келудегі басты себебі Республиканың түкпір-түкпірінде шалғай жатқан аудандардың өнер сүйер халқымен тікелей жүздесу болса керек. Сахна төрінде өзін еркін сезінген әнші апамыздың ауыл жұртшылығын жанына жақын көретіндігін, ауылдан шыққандығының куәсі ретінде қабылдадық. Расында Елена Мәжитқызының жексенбі күні өткен концерттік кешіне жиналған көрермен қатары өте сирек болғанымен көрермен залын тамаша әндерімен әрлеп, әртістік шеберлігін биіктен көрсете білді. Кейбір әндерін ақ жаулықты аналарымызбен бірге шырқады. «5 сыныптан бастап жаныма домбыраны серік қып келемін» — деген әншінің домбыра тартудан да дара жолы барын байқадық. Әуезді әндеріне әбден қанықтық. Мінекей Республика деңгейінде өнер көрсетіп жүрген өнер адамының қара басын халықтан кішірейткен пейіліне қарап тәнті болдық. Алыстан ат терлетіп келген қазақтың өнерлі жұлдызының өнер бағалаған аудан әкімі Ойыл жұртының атынан арнайы алғыс хатпен бірге естелік сыйлығын табыс етті.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ.