Әлеумет

Ойыл баспасөз қызметіне 100 жыл

Жуырда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани Жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді іске асыру мақсатында Ш.Берсиев атындағы өнер және өлке тарихы музейінде «Түнгі музей» тарихи танымдық кеші өтті. Онда алдымен «Аумалы-төкпелі» заманның қасіреті болған «Ащысай қырғынына 100 жыл» толуына орай «Ащысай қырғыны» тақырыбында тарихи танымдық көрмесімен қатар «Тіл маманы түркітанушы – Құдайберген Жұбанов» атты бейнеролик көрсетілді. Сонымен бірге «Түнгі музейдің» басты мақсаты — «Ойыл уездік «Еркін қазақ» газетіне — 100 жыл» толуын атап өту. Аталған шараға аудан жастары мен мекеме қызметкерлері, мектеп оқушылары қатынасты. Музей директоры Балқия Рысбаева Ойылдың баспасөз қызметі 1919 жылдан бастау алғанын тарихи деректерге сүйене отырып көптеген көпшілік біле бермейтін мәліметтер берді. Ойыл жерінің тарихы тереңде болғандықтан, оны ашып айту оңай емес екені шындық. Сондықтан сарғайған тарих беттерін дәл, нақты айту көптеген зерттеу жұмыстарын қажет етеді. Міне осындай ізденістің арқасында бізге беймәлім мәліметтерді үлкен дәлелмен жеткізген музей директорының сөзін үлкендер жағы салмақты ойларымен жалғап, өткен күндерден сыр шертті. Бір қызығы «Еркін қазақ» газетінің сол кездегі редакторы қазақтың батыр қызы Мәншүк Маметованың әкесі Ахмет Маметов. Алашорда үкіметі кезінде «» Еркін қазақ» газеті алғаш рет Күнбатыс Алашорданың астанасы болған «Жымпитыда» жарық көрген. Осы орайда қазіргі таңда ауданның баспасөз қызметінде қызмет етіп келе жатқан «Ойыл» газеті қызметкерлерінің жасап жатқан қызметтері ұлықталды. Айтулы шара үстінде сөз алған «Ойыл газетінің» редакторы Серікбай Қойбағаров газеттің тыныс-тіршілігінен сыр бөлісіп, қазіргі ақпараттық технология өрістеген заманның мол мүмкіндіктерін мейлінше кеңінен түсіндіріп өтті.

М.ӘДІЛБАЙҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар