Білім
Нұрбек — «XXI ғасыр КӨШБАСШЫСЫ»
Қазақтың ұлттық ойындарының арасында дене мен қимыл-қозғалысты ширататындарымен қатар, адамның танымын, ойын жетілдіретін түрлері де жоқ емес. Сауық кештерде жастар білгенімен ой өрісін шыңдау мақсатында бір-біріне жұмбақтар жасырып, табан асты айтыстар ұйымдастырып, сөз жарыстырып, күймен сайыстарын ұйымдастырғаны белгілі. Ал білім сынауға негізделген осы заманның ойыны — XXI ғасыр зияткерлік ойыны. Бұл ойын білімнің үлкен табысқа, биік шыңдарға бағыттайтын күш екендігін растайтын ойын. Бұл білгенінің арқасында тасы өрге домалайтын, білмегені болса, үйренгісі келетін көпшілікке арналған ойын.
Біздің елімізде осындай жобаға қатысып бақ сынап, білімдерін паш ететін жастар жетерлік. Солардың бірі ауданымыздың мақтанышы, ел мақтар азаматымыз Нұрбек Төлегенов. Былтыр оқу жылын «Алтын белгімен» аяқтаған ол мектеп қабырғасында жүргенде-ақ әртүрлі қоғамдық іс-шараларға белсене араласып, түрлі деігейдегі байқауларда бағын сынап, шыңдалған жігіт. Қазір Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «Ветеринарлық медицина және мал шаруашылығы» институтының «Ветеринарлық медицина» мамандығына мемлекеттік грант негізінде оқып жатыр.
Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына жолдауын жастар аясында кеңінен насихаттау мақсатында студенттер арасында «XXI ғасыр КӨШБАСШЫСЫ» ойыны өткен еді. Сол байқауда өзінің білімін сынаған Нұрбек жеңімпаз атанды. Ұшқыр ойымен жүзден жүйрік шыққан жігіттің жеңісі Ойылдың мерейін тағы бір тасытты!