Басты тақырыпБілім
360 бүлдіршінге базарлық Талғат ағамыздың кезекті тартуы
Ақтөбедегі «Анвар» дүкендер желісінің иесі Талғат Салфиковты Ойылдағы «еңбектеген бала» танымаса да, ес білгенінен еңкейген қартына дейін таниды. Соңғы жиырма жылда оның Ойылға жасаған тартуы көп. Аудан көлемінде өткен әртүрлі шараларға қосқан үлесін айтпағанда, Ойылдың бір көшесін асфальттап беріп, салып берген спорт алаңы мен саябағының игілігін ел көріп отыр. Туған жерін түлету мақсатында тамшыдай үлес қосуды перзенттік парызы санайтын бизнесмен ағамыздың былтырғы тартуы тіпті бөлек болды. Аудан орталығынан сәні мен салтанаты жарасып, сәулеті мен дәулеті ұштасқан балалар музыка мектебі бүгінде біздің мақтанышымызға айналып үлгерді. «Аймақтың атымтайы» атанған Талғат ағамыздың өскен өлкесін көркейтуге қосқан үлесі мұнымен де шектелген жоқ.
Әлемді әбігерге салған пандемия кезіндегі қамқорлығы тағы бар. Күні кеше ғана көктемде Ойылдың аз қамтылған 100 отбасына 2 миллион теңгеге азық-түлік себетін берсе, отансүйгіштік қасиетті ісімен үлгі ретінде көрсеткен кәсіпкер ағамыз бүгін 360 отбасын қуанышқа кенелтіп отыр.
Бұл биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттағалы отырған бүлдіршіндерге арналған базарлық. Бұл базарлығының бағасы да 2 миллион теңгеден астам. Яғни, оқушы сөмкесінің ішінде бірінші кластың оқушысына қажетті мектеп құралдарының бәрі бар. Күнделік, әртүрлі дәптерді айтпағанда, түрлі-түсті бояу, сызғыш, өшіргіш сияқты ұсақ-түйекке дейін ескерілген. 360 сөмкенің 185-і ұлдікі, 175-і қыздікі. Бұл биыл қоңырау үнін алғаш рет естігелі отырған аудандағы оқушылар.
Ынтымағы ырысты өлкенің өркениеті мен келешектің өрісін кеңейтуге үлес қосқан ағамызды биыл мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған бүлдіршіндер білімімен биіктерді бағындыратынына сеніміз кәміл!
Р.S. Белгілі меценат ағамыздың жолдаған «базарлығы» бүгін аудандық білім бөліміне табысталды. Ертең аудандағы мектептерге таратылады. Атымтай ағаларының жолдаған базарлығы оқушыларға білім күні табысталмақ.
С.ХАМЗИН,
Ойыл селосы.