Әкімдік

Ұлағаты көп ұлы күн

Өткен сенбі күні аудандық мәдениет үйінде 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күніне арналған «Тұғыры биік-Тәуелсіздік» атты салтанатты шара өтті. Шымылдығы бимен түрілген мерекелік шарада жиналған жұртшылықты алдымен аудандық мәслихаттың хатшысы Еркін Жиеналин құттықтап, баяндама жасады. Ата-бабамыздың азаттық жолындағы ат үстінде өткен кезеңдерін тереңнен толғап, әр уақыттың салмағын сабақтады. Еліміздің бүгінгі белесін соңғы 28 жылдағы ғасырға бергісіз оқиғалардың тізбегімен толықтырды.
Ал, ауданға арнайы келген «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов аудан халқын қастерлі мерекемен құттықтап, бір топ ойылдықты алғыс хатымен марапаттады. Олардың қатарында еңбек ардагері де, мұғалім де, қарапайым жұмысшы да бар. Атап айтсақ, еңбек ардагері Жантолы Бөкен, Ойыл аграрлық колледжінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Шолпан Суликанова, аудандық білім, денешынықтыру және спорт бөлімі басшысының орынбасары Сәндігүл Өткелбаева.
Мерекелік шара мемлекеттік қызметке жуырда ғана қабылданған екі жас маманның, Райымбек Әділханов, Жұпар Жұбанованың салтанатты түрде ант берумен жалғасса, аудан әкімінің орынбасары Аслан Кенжебаев болса, өңірдегі әр саланың үздіктеріне аудан әкімінің алғыс хатымен бірге естелік сыйлығын ұсынды. Яғни, Ойыл аудандық орталық ауруханасының хирург дәрігері Қаныш Атағалиев, аудандық мәдениет үйінің суретшісі Байсейіт Аққалиев, Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Айгүл Сағынғалиева, ауданның кәсіпкерлік саласының дамуына қосқан зор үлесі үшін Айнаш Шуақова, Ойыл ауылдық округі аппаратының кіші қызметкері Ақтоты Бимашева, Ойыл аграрлық колледжінің шаруашылық меңгерушісі Дәурен Сәрсенбайұлы.
Сонымен қатар мереке күні бес отбасын қуанышқа бөледі. Яғни, жалдамалы-коммуналдық тұрғын үйдің кілтін салтанатты түрде табыстады. Осындай қуаныштарды тоғыстырған ұлық күнгі мерекелік шарада аудан көркемөнерпаздарының жыр шашулары, әсем әуезді әндері, күмбірлеген күйлері, тал шыбықтай бұралған билері көрерменнің көңіліне шуақ нұрын шашты.

Әсел СИСЕНОВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар