Әкімдік
Ауқымды жобалар жүзеге асады
Ауыл әкімдерінің есебі өткен аптада Ойыл селосында мәреге жетті. Әрине, аудан орталығында күрделі болмаса да, көпшілік болғасын қозғалатын мәселелер болады. Дегенмен, бұған дейінгі кездесулерде көтерілген мәселелерден түзіліп, ауданның даму жоспарының алғашқы легінде шешімін табатындықтан, округ әкімі Сәндібек Дәулетқалиевтың баяндамасында негізінен жұртшылықтың көз алдында атқарылған жұмыстар көрініс тапты.
Рас, Ойыл селосы тұрғындарының негізгі көтере мәселелері көше жолдарының жайы. Былтыр жылдың қолайсыз уақытында қозғалысқа қиындық туғызатын шеткері сегіз көшеге қиыршық тас төселсе, биыл басты көшелердің жөнделетіні айтылды. Яғни, Көкжар және Шернияз көшелерінің бастапқы жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен ағымдағы қаражат бөлінді. Көгілдір отынды түгелге жуық кіргізіп алған тұрғындар бұрнағы жылдары күл-қоқыс полигонының жайын көтерген еді. Былтыр полигонның төңірегі тазартылып, қалыпқа келтірілді. Ал, Сәндібек Тоқсанбайұлы Ойылдың басты мәселелерінің бірі – қоғамдық табынның бақташысы екенін де жасырған жоқ. Сондықтан да, бос мал иесінің ғана емес, биліктің де «бейнеті» болып отыр.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Аслан Кенжебаев өз баяндамасында негізінен жергілікті бюджеттің қауқары жетпейтін, мемлекеттің қазынадан бөлінген қаражаттың күшімен атқарылатын ауқымды жұмыстарға тоқталды. Ол ауыларалық жолдар мен елді-мекендерге ауыз су, газ құбырын тарту сияқты жұмыстар биыл да үлкен көлемде атқарылғалы отыр. Кездесу соңында сөз алған Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшының орынбасары Қаржаубай Ыбырайымұлы осыған дейінгі есептік кездесулерде көтеріліп жүрген мәселелерге талдау жасап, жан-жақты түсінік берді.