ӘкімдікБасты тақырып
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» Ойылдағы алғашқы қадамдар
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев атап өткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру және мемлекеттік органдардың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында бүгін Ойыл ауылдық округінің ғимаратында «Ақтөбе адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің аясында «Сервистік әкімдік» ашылды.
Сервистік әкімдіктің ашылуына өңір басшысы Оңдасын Оразалин, Ақтөбе облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Мирлан Мұхамбетов, «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жанболат Тұртаев пен ауданның бөлім басшылары қатысты.
Ашылып отырған сервистік әкімдіктің басты мақсаты – атқарушы органдар қызметінің жариялылығын қамтамасыз ету, қызмет алушы азаматтарға қолайлы жағдай қалыптастыру және де шенеуніктермен байланыс кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету.
Сонымен қатар, ғимараттың ішінде орналасқан «Азаматтарға арналған үкімет» порталын аудан тұрғындары өз беттерінше пайдаланып, мемлекеттік қызметтер ала алады. Жергілікті халыққа қажетті мемлекеттік қызметтерді көрсететін мекемелер осы сервистік әкімдікте орналасқан. Бұл кеңседе азаматтарға ыңғайлы жағдай жасауға негізделіп, қысқа уақыт аралығында қажетті қызметті алуға көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, тұрғындарға елді-мекеннің әр жерінде орналасқан бөлімдерді іздемей-ақ қажетті қызметтерді бір ғимараттың ішінде алуға мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін бір ай бұрын орталық аудан әкімшілігі ғимаратында басшылардың халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «OPENSPACE» форматындағы кабинет ашылған болатын.
Мұнда ақпарат алатын арнайы орын да қарастырылған. Одан бөлек, ғимараттың ішінде халыққа қажетті барлық жағдай жасалған. Яғни, күту залында ыңғайлы орындықтар, ақпараттық теледидар орнатылған.
Жоғарыда аталған форматта әкімдіктердің жұмысын ұйымдастыру әртүрлі санаттағы тұрғындар өмірінің салаларындағы, оның ішінде төтенше жағдай режиміне байланысты өзекті мәселелерге көмек пен жауап алуға мүмкіндік береді.