ӘкімдікБасты тақырып

Ойылдағы шаруалар облыс басшысынан оң бағасын алды

Өткен сәрсенбі күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапарымен Ойыл ауданына келді.  Мұнда жас кәсіпкер Серікболсын Төлеуов  сүт өнімдерін көбейтуге тәуекел етіп отыр. Ол үшін Батыс Қазақстан облысынан 30 бас сүтті сиыр әкеліп, арнайы сүт сауатын құрылғы алған ол май-қаймақ, сүзбе, айран, құрт секілді өнімдерін аудан орталығындағы дүкендерге қойған. Жалпы құны 50 миллион теңге болатын сүт фермасы тәулігіне 500 литр сүт өндіруге қауқарлы. Мұның бәріне кәсіпкер өз қаражатын жұмсады. Әр сиырдан 7-8 литр сүт шығады. Негізінен етті бағыттағы  ірі қара өсіріп отырған шаруашылық сүт өнімдерін арттырудағы қадамдарын  жоспарлап қойған.

— Тәжірибе алу үшін Батыс Қазақстан облысына үш  рет бардым. Ол жақта шаруа ретке қойылған. Мен енді  сауын сиырларымның санын көбейтпекпін. Әзірге 5 сауыншы-жұмысшым бар.  Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтіп, өнімдерімді  көрші облыстардың іргелес жатқан аудандарына шығарғым келеді, — дейді шаруашылық басшысы .

Кәсіпкердің бұл ісін құптаған облыс әкімі Оңдасын Сейілұлы үкіметтен алатын жеңілдіктерді тиімді пайдалану қажеттігін, бұған жергілікті әкімдіктің көмектесуі керектігін айтып,  ісіне сәттілік тіледі.

Ал аудан орталығындағы мал сою алаңында ет өңдеу цехы іске қосылған. Цех 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. «Бастау 2019» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал сою және оның етін өңдеу цехының жобалық құны — 50 миллион теңге. Серіктестік  төрағасы Өркен Ақеділ күніне 10 бас ірі қара етін өңдейтінін айтты.  Сол жерде аудан шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің көрмесі өтті. Онда жергілікті ет,сүт, ұн өнімдері мен бау-бақша өнімдері қойылды. Бұдан былай Ойылдың өз тарысы, балы, астығы мен бақша өнімдері болады. Өйткені жерге дән себетін шаруа қожалықтарына электр жарығы тартылады. Кәсіпкерлердің айтуынша, электр қуаты барлық алқапқа су шығарады әрі тиімді болмақ. Аудан әкімі Асқар Қазыбаев жеке тұрғындардың жайылымдық жерін кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатқанын, сонымен қатар суармалы жерлердің де көбейетінін айтты.

Биыл шалғайдағы ауданда жаңа құрылыстар бой көтереді. «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы арқылы салынып жатқан денешынықтыру және сауықтыру кешеніне республикалық бюджеттен 353 миллион,  облыс қазынасынан 50 миллион теңге бөлінген. Құрылыс 11 айда салынып бітуге тиіс. 88 орындық жаңа ғимарат көшеге сән беріп қана қоймай, іші де заманауи үлгіде жасақталмақ. Бассейн, ойын бөлмелері, спорттық жаттығу залдары болады. 15 ойылдықты  жұмысқа тарту жоспарланған. Облыс әкімі жергілікті жастарды осындай жұмыстарға көптеп жұмылдыру керектігін айтты. Аудан орталығының көшелерін көріктендіруге, тротуар салуға, жаңа әлеуметтік нысандардың айналасына тал егіп, абаттандыруға мән беру қажеттігіне назар аударды.

Сонымен қатар облыс басшысы Ойыл ауылдық ғимаратында ашылған «Сервистік әкімдік» қызметімен танысты. «Халық үніне құлақ асатын үкімет»  тұжырымдамасын іске асыру мақсатында бұл жерде тұрғындар мекеме басшыларымен бетпе-бет сөйлесе алады. «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі көрсететін мемлекеттік қызметтердің бір орынға шоғырлануы мен «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсету тұрғындардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Ойылда аудан азаматтарының демеушілігімен Саз мектебі салынып жатыр. Қазіргі таңда қабырғасы көтеріліп, шатыры жабылып жатқан ғимарат болашақта Ойылдың «Өнер орталығына» айналмақ…

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар